Атырау вагон жасау зауыты (АВСЗ) өндіріс көлемін арттыруды жоспарлап отыр. Қазір кәсіпорын тәулігіне төрт-бес жартылай вагон шығарады. Барлық қажетті жабдық толық орнатылғаннан кейін бұл көрсеткіш тәулігіне он вагонға дейін жетпек, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Бұл туралы АВСЗ бас директоры Есболат Дүйсеков мәлімдеді.
Кәсіпорынның алдағы мақсаты – өндірістік қуатты жылына сегіз мың жүк вагонына дейін жеткізу.
Атырау вагон жасау зауыты 2024 жылғы шілдеде іске қосылған. 2025 жылы кәсіпорында жартылай вагондарды сериялық өндіру басталды. Ал 2026 жылы мұнай өнімдері мен сұйытылған газ тасымалдауға арналған цистерналар шығарыла бастады.
Алдағы кезеңде зауытта жабық вагондар, астық пен минералды тыңайтқыш тасымалдауға арналған хоппер-вагондар, сондай-ақ өсімдік майы мен күкірт қышқылын тасымалдауға арналған цистерналар өндіру жоспарланған.
Кәсіпорын шығаратын өнімдердің негізгі сипаттамалары да белгілі.
12-6785 үлгісіндегі жартылай вагонның жүк көтерімділігі 69,5 тонна, кузов көлемі 88 текше метр. Қызмет ету мерзімі 22 жылға есептелген.
13-6792 контейнерлік платформасының жүк көтерімділігі 75 тонна. Ол ұзындығы 20, 30 және 40 фут болатын контейнерлерді тасымалдауға арналған. Платформаның қызмет ету мерзімі 32 жыл.
Ал 18-6786 екі осьті арбашасының осьтік жүктемесі 23,5 тонна-күшті құрайды. Бұл модель 18-100 типті стандартты арбаша негізінде әзірленген және ГОСТ 9246-2013 талаптарына сәйкес келеді.
Зауыттың өндіріс қуатының артуы Қазақстандағы жүк вагондарына деген сұранысты қамтамасыз етуге және отандық вагон жасау саласының мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.