Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей
Ұстаным – мүлдем төзбеушілік
Оқуға 2 мин
Семейлік теміржолшылар тек кәсіби қызметте ғана емес, қоғамдық-саяси тұрғыдан да белсенді. Жанданған партиялық жұмыстар аясында Елбасы саясатын жүзеге асыру, бағдарламалық мақалаларының басымдықтарын насихаттау шаралары да нәтижелі жүргізілуде.
Семейлік филиал қызметкерлерінің көпшілігі еліміздің саяси өмірінде жетекші саналатын «Нұр Отан» партиясының мүшелері. Сондықтан Семей ЖТ бөлімшесінің басшысы Марлен Көкірекбаевтың назарда ұстауымен идеологиялық жұмыстар барысы жоғары деңгейде жүргізілуде. Сондай шаралардың қатарында мұндағы бастауыш партия ұйымының қызметін де айтуға болады. Теміржолшылар ұйымы аймақтағы саны көп, ең үлкен ұйым саналады. Бөлімшеге қарасты әр мекемеден бюро мүшелері сайланған. Олардың құрамы жыл сайын жаңарып, белсенді теміржолшылармен толығып отырады. Басты ерекшелігі сол – басым көпшілігі жастар.
Қазіргі таңда партия белсенділері «Нұр Отан» партиясының жарғысы, съезде қабылданған доктрина, Елбасы Жолдауының басымдықтарын ғана емес, теміржол мекемелеріндегі моральдық-психологиялық ахуалын да назарда ұстауда. Жиі-жиі бюро отырысы өткізіліп тұрады. Семей ЖТ бөлімшесі басшысының орынбасары, біріккен бастауыш партия ұйымының Семей жүк тасымалы бөлімшесі бойынша төрағасы Ерғазы Жұмаділовтың айтуынша, партия қатарына өтуге ынталы теміржолшылар көп. Мүшелер саны әр тоқсан сайын шамамен 50 адамға өсіп отырады екен. Мәселен, осыдан біраз бұрын болып өткен бюро отырысында осынша теміржолшыға партия билеттері салтанатты түрде табыс етілген.
Теміржолшы нұротандықтар, әсіресе бюро мүшелері барлық қоғамдық-саяси шаралар бойынша белсенді әрекет жүргізуде. Мәселен, жүк жөнелтуге тапсырыс беруші клиенттердің құқығын қорғау мәселесі де басты назарда. Осы орайда коррупциялық нышандағы әрекеттерге жол бермеу мақсатында арнайы сенім телефоны және «Semtemirzhol@mail.ru» электронды поштасы ашылған. Жалпы, «Нұр Отан» партиясының бағдарламасын бағыт еткен семейлік теміржолшылар жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін ширатуды, аталмыш індеттің кез келген көрінісіне нөлдік төзбеушілік ахуалын қалыптастыра отырып, күллі қоғамды коррупциялық әрекетке қарсы тұруға шақыруда.