«ҚТЖ» ҰК» АҚ делегациясының Қытайға жұмыс сапары аясында компанияның Басқарма Төрағасы Талғат Алдыбергенов CRCT (China Railway Container Transport) басшылығымен келіссөздер жүргізді, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Кездесу көлік-логистикалық өзара іс-қимылды нығайтуға және екі елдің теміржол әкімшіліктері арасындағы стратегиялық әріптестікті кеңейтуге бағытталған.
Тараптар Қытай - Еуропа - Қытай бағыты бойынша контейнерлік тасымалдарды, Транскаспий халықаралық көлік бағдарын (ТХКБ) дамытуды және жүктерді жеткізу мерзімдерін қысқарту жөніндегі шараларды іске асыруды талқылады.
Сондай-ақ, тасымалдау процесін цифрландыру және ақпараттық платформаларды интеграциялау мәселелері қаралды. Бұл логистикалық тізбектердің тиімділігін едәуір арттыратын кедендік және көліктік құжаттардың «жіксіз» ресімделуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
