Қуаныш Қожаев, Семей
Аягөз – Жарма аралығында
Оқуға 2 мин
Бүгінде «Теміржолсу – Аягөз» ЖШС мекемесі жазғы маусымға жоспарланған шараларды толық аяқтады. Атап айтсақ, желі бойын сумен қамтамасыз ету, нысандарды қайта жаңғырту, теміржолшыларға берілетін ауыз су сапасын жақсарту бойынша біршама жұмыстар жүзеге асырылды.
Аталмыш мекеменің жыл үлесіндегі міндетіне бірінші кезекте ескірген, тозығы жеткен су құбырлары мен сусорғы насостарды қайта жаңалау, станциялар мен жол айрықтарындағы су беру нысандарын күрделі жөндеуден өткізу және көрсетілер қызметтің мінсіздігін қамтамасыз ету шаралары жатады.
Осынау бағыттағы жұмыстар ағымдағы жылы да жалғасты. Нақтырақ тоқталсақ, өткен жылы Жүзағаш – Аягөз телімі аралығындағы су беру нысандарының бірқатары қайта жаңғыртылып, талапқа сай етілсе, биылғы жылы Аягөз – Жарма аралығында қауырт жұмыс жүргізілді. Бұл ретте жоспар аясында ауқымды істер орын алды. Мәселен, Жарма станциясындағы демалыс үйіне күрделі құрылыс жүргізілсе, осы телім бойындағы Қарақойтас станциясындағы су беру нысаны арнайы ғимаратқа ие болды.
–Жазғы жұмыстар нәтижелі аяқталды. Ал бүгінде желі бойындағы сумен қамту нысандарының қыс мезгіліне даярлығы аяқталып, қауіпсіздік талаптары, апаттық жағдайлардың алдын алу жұмыстары пысықталып жатыр, – дейді «Теміржолсу – Аягөз» ЖШС-ның Жүзағаш – Делбегетей бойынша телім бастығы, сумен жабдықтау бөлімінің шебері Дархан Мұхаметқалиев.
Жалпы, «Теміржолсу – Аягөз» ЖШС қызмет көрсететін телім бойындағы сумен қамту нысандары өткен ғасырдың отызыншы жылдары, Түрксіб дәуірінде салынған болатын. Сондықтан да зор күтімді, қайта жаңғырту шараларын қажет етеді. Міне, осы орайда «Теміржолсу» АҚ тарапынан су және кәріз жүйелерін санитарлық-техникалық тұрғыдан кезеңмен күрделі жөндеуден өткізу арқылы қайта жаңғырту бағдарламасы қабылданған-ды. Ал, осынау бағыттағы шаралар аягөздік сумен қамтушылар үшін әлі де маңызды тақырып болмақ.