Алматыда Магистральдық теміржол желісінің аймақтық бөлімшесінде Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы Нұржан Келбуғановтың жетекшілігімен көшпелі кеңес өтті, деп хабарлайды Rail-news.kz.

Жиынға «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ, «Кедентранссервис» АҚ, «KTZ Express» АҚ басшылығы, Алматы жол бөлімшесінің, сондай-ақ вагон операторлары мен меншік иелерінің өкілдері қатысты.

Кеңес барысында еліміздің транзиттік әлеуетін іске асыру, контейнерлік тасымалдар көлемін ұлғайту және тасымалдау процесін ұйымдастыру тиімділігін арттыру мәселелеріне баса назар аударылды.

Ағымдағы жылдың 10 айында контейнерлік тасымалдар көлемі 1 234 мың ЖФЭ-ні құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8%-ға өсті.

Оның ішінде Қытай – Еуропа – Қытай бағыты бойынша 404 мың ЖФЭ (+4,8%), Қытай – Ресей – Қытай бағыты бойынша 454 мың ЖФЭ (+0,7%), Қытай – Орталық Азия – Қытай бағыты бойынша 213,4 мың ЖФЭ (+3,5%) тасымалданды. Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) бойынша тасымал көлемі 57,3 мың ЖФЭ-ні құрап, 64%-ға өсті.

Жиын барысында теміржол инфрақұрылымымен жылжымалы құрамды пайдалану тиімділігін арттыру, контейнерлік пойыздардың қозғалыс жылдамдығын ұлғайту, сондай-ақ вагондардың айналым уақытын, оның ішінде іргелес теміржол әкімшіліктері аумағында қысқарту қажеттігі атап өтілді.

Кеңес қорытындысы бойынша тасымалдау процесінің тиімділігін арттыруға, вагон операторларымен өзара іс-қимылды күшейтуге, сондай-ақ жүктер қозғалысының ырғақтылығын қамтамасыз етуге бағытталғаналдағы шаралар айқындалды.

Өз кезегінде Көлік министрлігі «Қазақстан теміржолы» ҰК» АҚ және осы бағыттағы компаниялармен бірлесіп көлік-логистикалық қызметтердің сапасын арттыру, халықаралық көлік дәліздерін дамыту және Қазақстан Республикасының транзиттік әлеуетін нығайту бағытындағы жүйелі жұмысты жалғастырады.