Жапонияның Ямагата префектурасында қалың қар жауып, Ямагата – Синдзё бағыты бойынша жүретін Ямагата-синкансэн пойыздарының қозғалысы тоқтатылды, деп хабарлайды Rail-news.kz.

Желідегі қардың қалың түсуіне байланысты East Japan Railway (JR East) компаниясы 21 қарашада Ямагата мен Синдзё арасындағы қозғалысты соңғы пойызға дейін тоқтатты. Мамандар теміржол бойында бірнеше ағаштың құлағанын анықтаған.

22 қарашада да жағдай толық қалпына келмеді. Синдзёден Токиоға таңғы 5:40-та шығуы тиіс Tsubasa 122 пойызы Синдзё – Ямагата аралығында қатынаған жоқ. Ал Ямагатадан Синдзёге 6:59-да жөнелетін Tsubasa 171 пойызы толықтай тоқтатылды.

Қар жергілікті пойыздардың қозғалысына да әсер етті. Синдзё – Мураяма учаскесі уақытша жабылып, кейбір пойыздар Ямагата мен Мураяма арасында ғана жүрді. Фукусима – Ямагата бағытындағы құрамдар да кешігіп қатынады.

Жапонияның Оу желісіндегі Фукусима – Ёнэдзава аралығы қар, жаңбыр және жануарлардың теміржолға шығуына байланысты қозғалыс бұзылуы жиі болатын учаскелердің бірі саналады. Ямагата префектурасының дерегінше, бұл желіде жыл сайын орта есеппен 170-тен астам пойыздың қозғалысы тоқтайды немесе кешігеді.

Осы мәселені шешу үшін JR East компаниясы ұзындығы шамамен 23 шақырым болатын Ёнэдзава тоннелін салуды жоспарлап отыр. Жоба құны шамамен 230 миллиард иен деп бағаланған. Тоннель пайдалануға берілсе, пойыздардың жылдамдығын сағатына 160 шақырымға дейін арттырып, жол жүру уақытын он минуттан астам қысқарту көзделген.