Райхан Рахметова
Көпір құрылысы бітуге жақын
Оқуға 1 мин
Шетпеде көптен көтеріліп келе жатқан өзекті мәселелердің бірі – станция теміржолынан жаяу жүргіншілерөтетін аспалы көпір құрылысы тамызда аяқталып, пайдалануға берілмек.
Көпір мәселесін станция бастығы, аудандық мәслихат депутаты Бәлибек Есенгелдиев жиі көтеріп жүрді. Облыс әкімінің тапсырмасымен және «Каспий цемент» ЖШС-нің қаржылық қолдауымен шешімін тапқалы отырған шаруаға жергілікті тұрғындар зор қуаныш білдіріп отыр. Жергілікті биліктің араласуымен тендерлік байқаудың жеңімпазы болған «СМК Атамекен» серіктестігі бүгінде ұзындығы шамамен 80, биіктігі 6 метрлік көпірдің құрылыс монтаждау жұмыстарын аяқтады. Қазіргі таңда көпірді сырлау, асфальттау, жарықтандыру жұмыстары жүріп жатыр екен.Осыған дейін Шетпеде темір жолдың екінші жақ бетіндегі Жаңаорпа шағын ауданына өту қаупі жиі сөз болды. Өйткені халық бер жақ беттегі станцияның орталық бөлігіне аурухана, мектеп, әкімдік, вокзал тағы да басқа әлеуметтік мекемелерге қатынағанда, пойыз вагондарының ұзын құрамын кейде айналып өтсе, кейде вагон астынан өтіп әрі өміріне қауіп төндіріп, әрі жол ережесін өрескел бұзуға мәжбүр еді. Міне, енді ол қауіп пен қолайсыздықтың бәрі артта қалып, бұйыртса, биыл Шетпе кентінің 50 жылдық мерейтойы қарсаңында, яғни тамыз айында көпір толықтай пайдалануға беріледі деп күтілуде.