Көлік қызметкерлері күніне орай 944 теміржолшы марапатталды
Оқуға 2 мин
Теміржол саласының үздік қызметкерлері тамыздың бірінші жексенбісінде дәстүрлі түрде атап өтілетін көлік қызметкерлері күні қарсаңында түрлі наградалармен марапатталды, деп хабарлайды Rail-news.kz.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның өндірісте үздік нәтиже көрсеткен, жауапкершілік пен кәсіпқойлықтың үлгісін таңытқан 55 қызметкері жоғары салалық марапат – «Құрметті теміржолшы» белгісіне ие болды. Олар: Ақтөбе локомотив пайдалану депосының тепловоз машинисі Біржан Боранқұлов, Тобыл жол дистанциясының жол шебері Айдар Қазбағоров, Тобыл станциясының пойыз құрастырушысы Нұрболсын Бекенов, Семей станциясының вагон қозғалысы жылдамдығын реттеушісі Мұрат Сәдуақасов және т. б.
«Адал еңбегі үшін» белгісімен 131 теміржолшының сіңірген еңбегі атап өтілді.
Өндіріс көлемін және орындалатын жұмыстар сапасын арттырудағы, көліктегі қозғалыс қауіпсіздігі мен тасымалданатын жүктердің сақталуын қамтамасыз етудегі кәсіби жеке жетістіктері, өнертапқыштық және өнертапқыштық қызметі үшін 67 қызметкерге «Кәсібі бойынша үздік» салалық атағы берілді.
«Үздік маман» атағымен 19 жоғары білікті маманның компания қызметіне қосқан елеулі үлесі атап өтілді.
600-ден астам теміржолшыға құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табысталды.
Жұмыста көрсетілген жауапкершілік пен темір жолдың дамуына қосқан үлесі үшін «ҚТЖ» ҰК» АҚ компаниялар тобының 944 қызметкері марапатталды. Бұл нәтижелердің артында мықты өндірістік-технологиялық базаны құрған және теміржол көлігінің үздіксіздігін қамтамасыз ететін жоғары білікті мамандардың күрделі және жауапты жұмысы тұр.