Тамыздың бірінші жексенбісінде Қазақстан теміржолшылары ҚР Көлік қызметкерлері күнін атап өтті.  Ауысымдары мереке күніне түсіп қалған Тасымалдауды басқарудың автоматтандырылған орталығы (ТБАО) диспетчерлерін «ҚТЖ» ҰК» АҚ басқарма төрағасының жүк қозғалысы жөніндегі орынбасары міндетін атқарушы Оралхан Құлақов, «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС Бас директорының орынбасары Қанат Көбесов, «ҚТЖ – Жүк тасымалы» ЖШС атқарушы директоры Күмісбек Матжанов және басқалары кәсіби мерекемен құттықтады. ТБАО елдің бүкіл темір жолының жүрегі деп аталады. Орталық елордада, ҚТЖ бас әкімшілік ғимаратында орналасқан. Ол бүкіл республика бойынша пойыздардың қозғалысын үйлестіреді. ТБАО-дан 85 диспетчер тасымалдау процесін басқарады. Әріптестерін мерекемен құттықтай отырып, Оралхан Құлақов елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы теміржолдың рөлін атап, теміржолшыларға күнделікті еңбегі, өз ісіне адалдығы мен жауаптылығы, теміржол көлігін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін алғысын айтты. Диспетчерлерге зор денсаулық, отбасыларына береке, алға сенімді қадам жасап, еңбекте табысқа жетулерін тіледі. Көлік қызметкерлері күніне орай диспетчерлер Қуантай Ахметов пен Берік Досанов адал еңбегі, жоғары жауапкершілігі, кәсібилігі және өндірістік мәселелерді шешуге белсенді қатысқаны үшін «Құрмет грамотасымен» марапатталды.