Көлік қызметкерлері күні кәсіби мерекесін атап өткен отандық теміржолшылар ерен еңбегінің лайықты бағасын алды. Биылғы жылы да мыңдаған адам еңбек ететін салада жүздеген кәсіби мамандар, озат теміржолшылар түрлі марапаттарға ие болды.
Мыңдаған теміржолшылардың арқасында тәуелсіздік жылдары елімізде 2,5 мың шақырымдай жол салынды, көлік дәліздері даму үстінде.
Биыл темір жол саласын дамытуға қосқан үлесі үшін ҚТЖ компаниялар тобының 944 қызметкері түрлі наградаларға ұсынылды. 55 әріптесіміз «Құрметті теміржолшы», 131 қызметкер «Адал еңбегі үшін» белгісімен марапатталды. 80-нен астам теміржолшыға «Кәсібі бойынша үздік» және «Үздік маман» салалық атақтары берілді.
Нұрлан САУРАНБАЕВ, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ Басқарма төрағасы:
- Бір ғасырдан астам уақыт бұрын қырдағы ел мен ойдағы елді «алақайлатып» қазақ даласына келген «отарба» қазіргі уақытта ел экономикасын алға сүйреп келеді. Аймақтардың көркеюі, қалалардың гүлденуі, өнеркәсіп өрісінің кеңеюі – бұның бәрінде темір жолдың үлесі зор.