Биылғы қаңтар-шілде аралығында 5,2 млн тонна астық тиеліп, бұл бағыттағы жоспар өткен жылға қарағанда 11% артық орындалған, деп хабарлайды Rail-news.kz. Соның ішінде 1,3 млн тонна жүк республикалық қатынаста тасымалданса, 3,9 млн тонна астық шетелге жөнелтілген.
«Соңғы үш жылда қазақстандық астықтасушылар паркі 7% артып, 9,3 мың бірлікті құрап отыр. Соның 6,2 мыңнан астам астықтасушылары «Астық Транс» АҚ басқарылымында, ал қалғаны қазақстандық жекеменшік кәсіпорындар еншісінде. Ал отандық жабық вагондар паркіне келсек, ол 13 мың бірліктен асып жығылады, соның 5 мыңға жуығы жекеменшік иелігінде», – дейді «ҚТЖ» ҰК» АҚ Басқарма төрағасының жүк қозғалысы жөніндегі орынбасары міндетін атқарушы Оралхан Кулаков.
Оның айтуынша, экспортерлар астықты түрлі бағыттарға жөнелтуде. Десек те, басымдыққа ие бағыт ол Қытай, алайда, қазір бұл бағыт проблемалы болып отыр.
«Астықтасушыларға жүк наурыз айында тиелген болатын, көбісі әлі шекарадан өтпей, жолда тұр. Пандемияға қатысты барлық шектеулерге байланысты қытай тарапынан барлық процедуралар бойынша шектеулер қойылған. Алайда, бұған дейін барлық жоспар келісіп жасалған болатын және біз мәлімделген жоспарды толық орындадық. Олар 20 шілдеге дейін қабылдауға уәде берген, бірақ, қытай тарапынан, әсіресе, Достық станциясы бойынша қабылдау болған жоқ», – деп туындап отырған түйткілмен бөлісті ҚТЖ топ-менеджері.
Алайда, Ұлттық компания бұл бағыттағы тасымалды тоқтатпау үшін, дәстүрлі астық тасымалдаушы арнайы вагондардың орнына контейнерлік тасымалға ауысуға ұсыныс жасапты.
«Қытай нарығына жұмыс істейтін экспортерларды қолдау үшін контейнерлік тасымалға көшкен дұрыс. Себебі, бұл нарықта сұраныс жоғары. Қазір бұл мәселе пысықталып, үкімет деңгейіне дейін жеткіздік, бүгінде Жүктерді контейнерлеу бойынша Жол картасы әзірленуде», – деді ҚТЖ өкілі.
Ұқсас мақалалар: 2021 жылдың 7 айында ҚТЖ желісі бойынша астық тиеу көлемі