Кәсіподақ төрағасы сайланды

Аймақтар
05.05.2025, 13:51
Суретті түсірген автор
Қосұйым Мұқашев

Атырау облысы бойынша меншікті тілші

Атырау жүк тасымалы бөлімшесінде бастауыш кәсіподақ ұйымының кезекті есеп беру-қайта сайлау конференциясы өтті. Оған Астана қаласынан келген ҚТЖ ЖТ филиалы төрағасының кеңесшісі Т.Каримов, бөлімше бастығының логистика жөніндегі орынбасары Б.Сауров және бөлімшеге қарасты мекемелерден барлығы 27 делегат қатысты. Кәсіподақ төрағасы Боранбай Қамиевтің баяндағанындай бүгінде бөлімше кәсіподақ ұйымының құрамында барлық қызметкерлер саны 2410 адам, оның ішінде 1705 ерлер, 705 әйелдер. Кәсіподаққа мүшелік 100 пайызды құрайды.  

«Бүгін біз өткен 5 жылдық жұмысымызды қорытындылаймыз. Ия, өткен жылдар орасан зор  қиындықтарға толы болды. Әсіресе адам шығындарына алып келген Ковид-19 пандемиясы, өткен жылғы су тасқыны зардаптары халыққа да, біздің қызметкерлерімізге де оңай тиген жоқ. Осындай қиын жағдайларда кәсіподақтар бір сәтке де шет қалмады. Кәсіподақтар Федерациясы 225 миллион теңгеден астам материалдық көмек пен 14 млн теңге гуманитарлық көмек берсе, «Қазкөліккәсіп» ҚБ 170 млн теңге, теміржол кәсіподақтары 5,0 млн теңге, соның ішінде Атырау жүк тасымалдары бөлімшесінің кәсіподақ комитеті пандемияға 1,0 млн теңге, су тасқынынан зардап шеккен 18 қызметкерімізге 2,0 млн теңге көмек берді. Есепті жылдарда кәсіподақ комитеттері 180 отырыс өткізіп, ол отырыстарда мәдени-көпшілік іс-шаралар мен спорттық іс-шаралар өткізуді жоспарлау, кәсіподақ мүшелерінің, зейнеткерлердің әлеуметтік, шаруашылық мәселелерін шешу жолдарын қарастырды. Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне байланысты Атыраудың іргелі мекемелері мен «ҚТЖ-Жүк тасымалдары» ЖШС-нің, көлік прокуратурасы, Еңбек инспекциясының жауапты өкілдерінің қатысуымен Атырау бөлімшесінің басшы құрамымен бірлесіп ұйымдастырылған ауқымды шараны, тәжірибе алмасу семинарын ерекше атауға болады»,- деді ол.  

Сонымен қатар, Наурыз мерекесінің мазмұнын байытып, жаңаша атап өту туралы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жасақталған наурыздың 14 мен 23-не дейін «Наурызнама» онкүндігі кең көлемде, барлық мекемелерде бірінші рет ұйымдастырылды. 8 наурыз, Жеңіс күні, Балаларды қорғау күні, Қарттар күні, Республика күні, Тәуелсіздік күні, Кәсіподақтар күні, теміржолшылардың Кәсіби мерекесі, «Мектепке жол», Жаңа жылдық, спорттық іс-шаралар үлкен жауапкершілікпен ұйымдастырылып келді. Есепті кезеңде салалық кәсіподақтың және «ҚТЖ-Жүк тасымалдары филиалының отырыстарында, басшыларымен кездесулер барысында өңірде орын алған бірқатар мәселелерді көтеріп, кейбір мәселелер өз шешімдерін тапты. Мәселен, Мақат станциясындағы корпоротивтік тұрғын үйлерді үй иелеріне жеңілдікпен беру туралы мәселе бойынша, бұл үйлерді «ҚТЖ»ҰК» АҚ кадр комитетінің хаттамалық шешіміне сәйкес, корпоротивтік тұрғын үйлерді сату немесе беру туралы Ереже талаптарын басшылыққа алып, екі түрлі жеңілдікпен жекешелендіру туралы, яғни: қазіргі теңгерім бағасымен 25 жылға бөліп төлеумен, және теңгерім бағасынан 25 пайызға төмен бағамен 10 жылға бөліп төлеумен беруді Кадр комитетінің қарауына ұсыну жөнінде шешім қабылданды. Екі жағдайда да бастапқы төлемсіз. «Атырау жүк тасымалдары бөлімшесіне» қажетті 8 модульге 2023 жылы берілген сұраныс туралы мәселеге, осы жылы Махамбет, Ақсарай-2, Атырау, Теңдік, Ескене, Мақат станцияларына көлемі 60 м2 8 модуль алынатынын, бүгінгі күні жоспарланған құнның маркетингтік тұжырымын алу бойынша жұмыстар жасалып жатқаны туралы жауап алынды. Б.Қамиев Өкіл ретінде де НЖС мекемелеріне қатысты біраз мәселелерді көтерді. Соның ішінде Қарабатан, Мақат станциялары бойынша жұмыс орындарына кезектен тыс аттестация өткізу, ШЧ-11 мекемесінде орын алған жағдайларға байланысты кездесулер, қызметкерлерді меншікті тілшімен кездестіріп, қордаланған мәселелер туралы газет бетіне мақала ұйымдастырылғанын, қызметкердің заңсыз жұмыстан шеттетілгені, еңбек шартының заңсыз бұзылғаны туралы хаттар жолданғаны да рас. Өткен жылы Атыраудың барлық теміржолшылары үшін жаңадан тұрғызылған жазғы спорт алаңы іске қосылды. Қызметкерлерді салауатты өмір салтына тарту, спортқа баулу мақсаттарында Атырау вагон пайдалану депосы мен Мақат локомотив пайдалану деполарында жаттығу залдары да пайдалануға берілді. «Бұл үрдіс алдағы жылдарда да жан-жақты ойластырылып, қаржы көлеміне байланысты жалғасын табады» деді кәсіподақ төрағасы». Рас, есепті кезеңде өңірде көптеген жұмыстар жасалды, әсіресе жұмысшы мүддесін қорғауда кәсіподақ кейін шегінген жоқ. Жиын барысында сөз сөйлеген станциялардың цехкомдары, бюджет комиссиясының өкілдері, НЖС басшысы А.Қосымбаев, кадр бөлімінің бастығы А.Жалғасбаева және басқалар да кәсіподақ жұмысына қанағаттанарлық деп жоғары баға берді.  

Сонан кейін бөлімше кәсіподақ төрағасын сайлау бойынша екі кандидатура дауысқа салынды. Олар – кәсіподақ ұйымының жетекшісі Б.Хамиев пен Қарабатан станциясының бастығы М.Басанов болды. Нәтижесінде, жабық түрде дауысқа салумен 13х14 болып Мереке Басанов бір дауыс басымдыққа ие болды. Жиынға екі делегат денсаулығына байланысты келе алмаған, ал қалған делегаттарға қысым болғандай әсер қалдырды. Өйткені, жиынға қатысушылар ішінен аңдаусыз сөйлеушілер, кикілжің тудырушылар болды. Ал Б.Қамиевтің нәтижелі жұмыс жасағанына ешкім шүбә келтірмесі анық. Ол енді «Қазкөліккәсіп» қоғамдық бірлестігі Орталық кеңесінің Атырау өңірі бойынша өкілдігінің өкілі қызметін атқара береді. Жиын соңында кәсіподақ белсенділеріне ұжымдағы ынтымақтасты нығайтуға және кәсіподақтың дамуына сіңірген еңбегі үшін Алғыс хат табыс етілді.

 

Инфрақұрылым
15.09.2026
Вокзалдарды жаңғырту жұмыстары жалғасуда
Жүк тасымалы
15.09.2026
«Бір белдеу, бір жол»: Жаңа сауда дәліздері қалай дамиды?
Қауіпсіздік
15.09.2026
Қауіпсіздік пен біліктілік бәсекесі
ҚТЖ келбеті
15.09.2026
Қырағы өткел кезекшісі
Аймақтар
15.09.2026
Ақтоғайдан Дегелеңге дейін...
Әлеумет
15.09.2026
Теміржолшыларға қолайлы жағдай жасалуда
Қауіпсіздік
15.09.2026
Балалар қауіпсіздігі – бәрінен қымбат
Жаңалықтар
15.09.2026
Теміржолшылар «Қазтест» сынағынан өтті
Жүк тасымалы
15.09.2026
Елімізде астықты теміржол көлігімен тасымалдау көлемі артты
ҚТЖ келбеті
15.09.2026
Инновациялық идеялар жаршысы
Жаңалықтар / Мұрағат
15.09.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №73 15 қыркүйек 2026 жыл
Аймақтар
14.09.2026
Түрксібтің төл туындысына – 95 жыл
Жолаушылар тасымалы
14.09.2026
Пойызда үй жануарларын алып жүру кезінде жолаушы нені білуі керек?
Әлемде
14.09.2026
Ресей теміржолдарында пойыздардың рельстен шығуы мен соқтығысуы 13%-ға артты
Әлемде
14.09.2026
Alstom Канадаға 313 жолаушылар вагонын жеткізеді
Жаңалықтар
14.09.2026
Қызметтік иттердің көмегімен теміржолда 74 есірткі дерегі анықталды
Жаңалықтар
13.09.2026
ҚТЖ өрт сөндіру пойыздары екі өңірде табиғи өрттерді сөндіруге көмек көрсетті
Жаңалықтар
12.09.2026
ҚТЖ өрт сөндіру пойызы СҚО дала өртін сөндіру кезінде ТЖД-ға көмек көрсетті
Жаңалықтар
11.09.2026
ҚТЖ-да Ардагерлер кеңесінің отырысы өтті
Жаңалықтар
11.09.2026
Теміржолшылар «Қауіпсіз өткел» акциясымен 127 өткелді қамтыды