Қылышын сүйретіп қыс та келіп қалды. Атырау магистральдық желі бөлімшесі шаруашылықтарының қысқы кезеңдегі жұмысқа дайындығы қандай деген сауалға қозғалыс қауіпсіздігі бөлімінің бастығы Мақсот Дүйсәлі жауап берді.
«2026-2027 жылдардағы қысқы кезеңде теміржол көлігінің үздіксіз әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету мақсатында «ҚТЖ» ҰК» АҚ филиалы – «Атырау магистральдық желі бөлімшесінде» шаруашылықты, ғимараттарды, құрылыстарды, инфрақұрылым құрылғыларын, жылжымалы құрамды, арнайы техниканы және қызметкерлерді қысқы жағдайларда пайдалануға дайындау бойынша ұйымдастырушылық-техникалық іс-шаралар кешені жүргізілді. Қысқы кезеңге дайындық жұмыстарын ұйымдастыру және үйлестіру үшін тұрақты жұмыс істейтін штаб құру туралы бұйрық шығарылып, іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспарда барлығы 15 іс-шара көзделіп, олар бүгінгі күні толық көлемде 100% орындалды», – дейді ол.
Оның айтуынша, НЖС-13 бойынша ағымдағы жөндеу шеңберінде 52 ғимарат пен құрылысты дайындау көзделіп, соның ішінде 38 ғимарат өз күшімен, 14 ғимарат мердігер ұйымдармен дайындалған. Бағыттамалық электр жетектерін қысқа дайындау бойынша электр жетектерін тазалау, жуу, тозған бөлшектерін ауыстыру, майлау және бояу жұмыстары да түгелдей орындалып, барлығы 763 бағыттамалық электр жетегі дайындалған.

Сондай-ақ жабдықтарды жылыту және қорғау бағытында аккумулятор шкафтары, релелік шкафтар, бағдаршамдар, муфталар мен жол қораптарын ылғал мен қардың түсуінен қорғау және жылыту бойынша іс-шаралар жүргізіліп, жоспарға сәйкес 1 851 бірлік орындалған. Әрине, қыста ғимараттар мен жұмыс орындарына жылу беру науқанының дұрыс жүргізілуі маңызды. Соған сәйкес бөлімше балансындағы 3 қазандық қондырғы қысқы кезеңде жұмыс істеуге дайындығы мәлім болды. Ал жылжымалы құрам мен арнайы техниканы қысқы жағдайларда пайдалану бойынша 13 вагон және арнайы өздігінен жүретін жылжымалы құрам бойынша (дрезиналар, автомотрисалар) 4 бірлік, трактор техникасы мен жүк көтергіш крандар 8 бірлік көлемінде, автокөлік 57 бірлік көлемінде дайындалған. Қар тазалайтын және қар жинайтын техниканың техникалық жай-күйі мен қысқы кезеңде жұмыс істеуге дайындығы бойынша 4 «СМ-2» қар тазалайтын пойызы және 7 «СДПМ» қар тазалағышы – барлығы 11 техника дайын.
«Жалпы алғанда, ғимараттар мен техникалардың қысқа дайындығының орындалу көрсеткіші 100% құрайды. Сонымен қатар биыл қысқы жағдайда жұмысқа бірінші рет кірісетін «алғашқы қыстаушыларды» даярлау бойынша 54 адам дайындықтан өтті», – дейді бөлім бастығы.