Ел егемендігімен бірге келген ерекше жаңалықтардың бірі Қазақстандағы теміржол станциялары мен жол айрықтарының атауларын қазақшалау немесе транскрипциясын түзету және идеологиялық тұрғыдан өзгерту шаралары десек, қателеспейміз.
Жалпы, бүгінгі күнге дейін Үкімет қаулылары мен Республикалық ономастика комиссиясының шешімдері негізінде теміржол саласындағы мұндай мәселелер кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Әсіресе соңғы 6-7 жылдың көлемінде бұл тарапта бірқатар ілкімді іс-шаралар орындалғанын байқауға болады.
Мәселен, 2020 жылы қазан айында ҚР Үкіметінің сайтында «Теміржол вокзалы кешенінің және кейбір теміржол станцияларының атауларын және кейбір теміржол станциялары атауларының транскрипциясын өзгерту туралы» қаулы жарияланды. Осынау қаулының аясында ел шығысында 4 станцияның атауы ресми түрде қазақша атауға ие болып, құжат бойынша бекітілді.

«ҚТЖ» ҰК» АҚ ардагерлерінің консультативтік кеңес мүшесі, Семей жол бөлімшесі ардагерлер кеңесінің төрағасы, Құрметті теміржолшы Қырықбай Әлсейітов бұл ел тарихындағы ерекше жаңалық болғанын айтады.
Атап айтқанда, Серебрянка – Күмістау станциясы, Селезневка – Көкжиек теміржол станциясы, Огневка – Таусамалы станциясы, Зыряновск – Алтай деп аталды.
Ал осынау тарихи өзгерістердің алдында 2017 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы қаулысымен Семипалатинск станциясы ресми түрде Семей станциясы болып өзгертілді. Соның аясында сол кездегі Семипалатинск жол бөлімшесі Семей жол бөлімшесі болып қайта аталды. Дәл осы ресіммен бірге идеологиялық тұрғыдан ескірген Лениногорск станциясы тарихи атауын қайтарып, Риддер станциясы болып ауысты.
Жалпы, егемендік жылдарында аймақтағы бірқатар теміржол станцияларының транскрипцияларын нақтылау бойынша ғана жұмыстар жүргізген-ді. Сондықтан байырғы станциялар атауын қазақша жазу – құжаттандыруды қазақша жүргізу ісінде де үлкен серпіліс туғызды.