Биыл теміржолдағы Қалпына келтіру пойыздарының құрылғанына 90 жыл. 1936 жылы 11 қарашада КСРО Қатынас жолдары министрлігінің арнайы бұйрығымен құрылған Қалпына келтіру пойыздарының қызметі теміржол саласында орасан.
Кәсіби мерекелерін атап өткен Жаңа Есіл станциясындағы №13 Қалпына келтіру пойызы 1973 жылы құрылған. Жаңа Есіл – Сарыкөл, Жаңа Есіл – Зерновая, Жаңа Есіл – Василькова станциялары бойынша қызмет көрсетіп, болат жолдың бойында қандай да бір апатты жағдай, төтенше оқиға орын алғанда жылдам жетіп, оның салдарын жоюға жұмылдырылатын теміржолдың «жедел жәрдемін» даталы күнмен құттықтаған Ақмола магистральдық желі бөлімшесінің директоры Дәурен Қабас ұжымның қозғалыс қауіпсіздігін сақтаудағы ерен еңбегін атап өтті және 4 теміржолшыны арнайы төсбелгімен марапаттады. Тағы бірқатар азаматтар Алғыс хатқа ие болды.
– Қозғалыс қауіпсіздігімен тікелей байланысты маңызды жұмысымыз абыройлы, табысты болсын. Қалпына келтіру пойызында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сіздер үшін барлық еңбек жағдайының жасалуына кепілдік береміз, – деді Д. Қабас.
Жиында Ақмола ЖТ бөлімшесінің директоры Жанат Жұмашев, «Қазкөліккәсіп» ҚБ Ақмола филиалының төрағасы Айдын Байжокин мен Ақмола ЖТ бөлімшесінің бас инженері Сайран Баржақсин құттықтау лебіздерін білдіріп, марапаттар табыстады.
Бүгінде тәжірибелі теміржолшы Шалқар Қабылдин басшылық ететін №13 Қалпына келтіру пойызында 24 адам жұмыс істейді. Жиында осы теміржолшылардың қар мен жаңбыр, аяз бен боранға қарамастан күн-түн демей төтенше оқиға орнына бірінші болып жетіп, оның салдарын жойып, қозғалысты қалпына келтіргенше жедел әрекет ететін ерен еңбегіне алғыс айтылды.