«Маңғыстау-Ақтөбе» бағытындағы жолаушылар пойызында «Эбола қызбасы» ауруының алдын алуға арналған оқу-жаттығу өткізілді.
Маңғыстау бөлімшелік көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандары ұйымдастырған кезекті іс-шарада бұл індетке қарсы және оның таралуын болдырмау бағытында жедел шаралар жүргізілді.
Оқу-жаттығу жоспары бойынша күндізгі сағат 12:40 уақытында Маңғыстау теміржол вокзалының диспетчеріне Жолаушылар тасымалы АҚ «Батыс» аймақтық филиалы Маңғыстау теліміне қарасты №109/110 «Ақтөбе-Маңғыстау» жолаушылар пойызының жетінші вагонынан суыт хабарлама келіп түседі. Аталған ақпаратта сол вагондағы 1992 жылы туған азаматтың дене қызуының күрт көтерілуі, әлсіздік, бұлшықет пен буындардың сырқырауы, бас ауруы, жүрек айну, құсу және іштің өтуі туралы шағымдармен жүгінгені айтылады. Бұл пойыздың белгіленген межеге келуінің болжамды уақыты жергілікті уақыт бойынша 13 сағат 55 минут болатын.

Болған оқиғадан хабар алған Маңғыстау бөлімшелік көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы мамандары келтірілген дерек бойынша хабарландыру сызбасын қолданысқа енгізіп, аса қауіпті жұқпалы ауруға күдік туғызатын ауруды анықтаған жағдайда қолданылатын жоспарға сәйкес іс-шаралар жоспарын орындауға кіріседі.
– Бізге жеткен хабарлама бойынша қажетті шұғыл жұмыстарымызды бастадық. Алдымен науқасты басқа жолаушылардан оқшауладық. Алғашқы медициналық көмек көрсетіліп болған соң жолаушыдан «Эбола қызбасына қарсы зертханалық зерттеуге сынамалар алынып, эпидемиологиялық анамнез жүргізілді. Науқаспен қарым-қатынаста болған жолаушыларға термометрия өткізіліп, сауалнама толтырылды. Осы жолаушылар вагонында келген 2 жолсерік пен 31 жолаушының дене қызуы толық тексерілді. Ешқайсысының қызуы көтеріліп тұрмағынына көз жеткіздік. Жолаушылар вагонына қорытынды дезинфекция жасалды. Оқу-жаттығу қорытындысы бойынша барлық жұмылдырылған қызметтер мен ведомстволар өз қызметін толық көлемде, уақытылы орындап шықты, – дейді Маңғыстау бөлімшелік көліктегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы бас маманы Жұлдызай Қарлыбаева.