«Туған елге саяхат»: Балалар ел аралап қана қоймай, білімдерін де жетілдіреді

Әлеумет
21.06.2023, 12:53
Суретті түсірген Александр Жабчук
Әділет Мұсахаев

"Қазақстан теміржолшысы" газетінің тілшісі

Кеше елордадан «Туған елге саяхат» балалар пойызының алғашқы құрамы Қазақстан бойынша қызықты сапарға аттанды. Саяхат барысында балаларды қандай қызықты жайттар күтіп тұрғаны туралы топ жетекшісі Данияр Шайкен айтып берді.

Бірнеше жыл бойы тоқтап қалған «Туған елге саяхат» жобасы биыл қайта қолға алынып, 200-ге жуық бала мінген пойыздың алғашқы құрамы сапарға аттанды. Аталған жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының атынан «Samruk-Kazyna Trust» қорының қаржылық қолдауымен және ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен, «Әлеуметтік жобалар қорымен» ынтымақтастықта іске асырылуда.

Жас жолаушылар арасында Қазақстанның түкпір-түкпірінен «Өз өңірімді өркендеткім келеді» шығармашылық байқауының жеңімпаздары, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының өндірістік кәсіпорындары қызметкерлерінің балалары бар.  

Еліміздің әр түкіпірінен жиналған балалар алдымен Астананың көрікті жерлерін аралап, бір-бірімен танысып, 6 отрядқа бөлінді. 30 баладан тұратын әр отрядқа екі топ жетекшісі тағайындалды. Топ жетекшілері балаларға бас-көз болып, олардың уақытын қызықты өткізуге атсалысады. Сондай топ жетекшілерінің бірі Данияр Шайкен. Музыкадан сабақ беретін ол жолда балаларға домбыра үйретіп, дәріс өткізетінін айтты.

«Балалар 18 маусымнан бастап Астанаға келе бастады. Оларды күтіп алып, демалыс орындарына орналастырдық. Кейін қаланы аралатып, ЭКСПО аумағына экскурсияға апардық. Алдағы 8-9 күнде еліміздің көрікті жерлеріне саяхаттап, балаларға елімізді танытамыз. Пойызда балаларға төрт мезгіл тамақ беріледі. Оған қоса уақытын тиімді өткізу үшін түрлі ойындар ұйымдастырылады. Өзім музыкант болғандықтан күніне әр вагонға кіріп, бір сағаттан домбырада ойнауды үйретемін. Сол секілді ағылшын тілі, шахмат, ой-өрісті дамытатын ойындар өткізіліп отырады», – дейді топ жетекшісі.    

Саяхатқа аттанған балалардың арасында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-да жұмыс істейтін отбасылардың балалары да бар. Солардың бірі Атыраудан келген Ақтілек Баққожақызы. Әкесі теміржолда қызмет ететін жас саяхатшы осы сапар аясында көптеген жаңа дос тапқанын айтады.

«Сапар қызықты өтіп жатыр. Астана қаласын араладық, әсіресе ЭКСПО өте қызықты болды, энергияға қатысты көптеген ақпарат алдық. Алдағы уақытта еліміздің өзге қалаларын аралаймыз, сондықтан бұл сапар қызықты өтеді деген ойдамын», – дейді жас саяхатшы.    

Салтанатты шығарып салу рәсіміне «Самұрық-Қазына» қорының Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, ҚР Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ләззат Сүлеймен, Қор құрамындағы портфельдік компаниялар басшылары, ата-аналар және БАҚ өкілдері қатысты.

«Сіздер үлкен сапарға шығып барасыздар. Табиғаты таңғажайып жерлерді аралап, еліміздің көрікті мекендерін көзбен көресіздер. Сондықтан үлкен әсер алып, демалыстан көп күш-жігер жинап қайтыңыздар. Біздің міндет – сіздерге бақытты балалық шақты қамтамасыз ету. Сапарларыңыз сәтті болсын!», - деді Нұрлан Жақыпов.

Жоба жүзеге асып келе жатқан жылдары мыңдаған бала туристік пойызда жазғы демалысын әсерлі әрі пайдалы өткізді. Биыл да оқушылар байқауға қатысып, еліміздің ең әдемі жерлеріне тегін сапар шегу мүмкіндігін иеленді. Жаз бойы әрқайсысы 10 күннен 3 кезең ұйымдастырылады. Бірінші бағдар: Астана Нұрлы жол – Байқоңыр – Түркістан – Алматы – Бурабай – Астана Нұрлы жол. Саяхат кезінде балалар әр аймақтың тарихымен танысып, жаңа достар табады және арасында дарындарға жол ашылады.

Жобаның басты мақсаты – балаларды жан-жақты дамыту, болашақ мамандықты таңдауға бағдарлау, өз халқының мәдениетіне қанықтыру және де оны қазіргі өмірдің алуан қырына бойлату. Жоба, сонымен қатар, балалардың айналаға деген қызығушылығын арттыруға, елдің тарихи және сәулет ескерткіштерін зерделеуге, Отанға деген сүйіспеншілікке баулуға, патриотизмді нығайтуға бағытталған.

Мысалы, Байқоңыр қаласында балалар «Қорқыт ата» мемориалдық кешеніне барып, Байқоңыр ғарыш айлағының мұражайын көреді, тіпті зымыран макетін ұшырады. Саяхат кезінде балалар табиғатта көп уақыт өткізіп, соның арқасында қоршаған ортаға қамқорлық пен табиғатқа жауапкершілікпен қарауға үйренеді.

Туристік пойыздың келесі маусымы шілденің 2-11 аралығында өтеді. Ол сапарда Астана – Байқоңыр – Түркістан – Алматы – Алакөл – Астана бағдары қамтылады. Ал, шілденің 19-30 аралығында өтетін үшінші маусымда туристік пойыз Астана – Алматы – Түркістан – Байқоңыр – Ақтау – Астана бағыты бойынша жүреді.

 

Жаңалықтар
30.09.2026
Құрық порты мен Xi’an Free Trade Port ынтымақтастықты талқылады
Жолаушылар тасымалы
30.09.2026
ҚТЖ-ның туристік пойыздарымен 2,3 мыңнан астам жолаушы саяхаттады
Жаңалықтар
30.09.2026
Ақтау порты контейнер тасымалын ұлғайтады
Жаңалықтар
30.09.2026
Ақтөбе вокзалында вандализмге қарсы рейд өтті
Әлемде
30.09.2026
Беларусьте алғашқы жүргізушісіз трамвай іске қосылмақ
Жаңалықтар
29.09.2026
ҚТЖ кибершабуылдарға қарсы өз AI жүйесін таныстырды
Жүк тасымалы
29.09.2026
Еліміздегі ЖЭО-ларға 41 мың вагон көмір тасымалданды
Инфрақұрылым
29.09.2026
Дарбаза – Мақтаарал теміржол желісінің құрылысы аяқталу сатысында
Жүк тасымалы
29.09.2026
Қазақстан астығы қай елдерге жөнелтіліп жатыр?
Жүк тасымалы
29.09.2026
Қазақстанда астық тасымалы 13-ға өсті%
Аймақтар
29.09.2026
Атырау теміржолында қай учаскелер аса қауіпті?
Трансформация
29.09.2026
Екі адамның жұмысын енді бір теміржолшы атқарады. Қандыағашта жаңа құрылғы қолданылуда
Жаңалықтар
29.09.2026
Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге өткелдердегі қауіпсіздік ережелері түсіндірілді
Жүк тасымалы
29.09.2026
Бір ғана Қызылордаға 108 вагон көмір жеткізілді
ҚТЖ келбеті
29.09.2026
Абырой биігіндегі алпыс
Әлеумет
29.09.2026
Теміржолшы жастар инклюзияны қолдауға атсалысты
Жаңалықтар / Мұрағат
29.09.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №77 29 қыркүйек 2026 жыл
Трансформация
28.09.2026
Теміржолдың болашағы Берлинде таныстырылды
ҚТЖ келбеті
28.09.2026
«Үздік еңбек әулеті» – Аягөзде
Жаңалықтар
28.09.2026
Теміржолшылар «Мөлдір бұлақ» акциясына атсалысты