Көгершін асырайтын көке

Әлеумет
25.10.2019, 14:36
Оқуға 3 мин
Асел Танатарова

Жамбыл темір жол бөлімшесіне қарасты Тамды станциясының кезекшісі Бөкенбай Салыбеков деген теміржолшының көгершін, кәдімгі кептер асырауды кәсіп ететіні жайлы қызық әңгіме естігелі пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін бақылау, қадағалау сынды жауапты жұмыстағы жанның бұл ермегі біртүрлі қызық көрінген...

Телефон арқылы тілдесіп алған соң, «Тамды, қайдасың?» деп тартып отырдық. Жол бойы көгершін туралы ойға беріліп, елдің бұл қанаттыны достық пен бейбітшіліктің, татулық пен бірліктің символы, әлемді аралап хат таситын дәнекер құс ретінде әспеттейтіні еске түсті. Білетіндер ерекше навигациялық қасиетке ие асыранды кептерлерді қазіргі таңда да хат тасуға үйретуге болатынын айтады. Еліміздің өңірлерінен көк кептер, құз кептер, дыркептер, қоңыр кептер, түркептер, үлкен түркептер деген түрлерін кездестіруге болады екен. Көбінің қауырсындары құлпырып тұратын алуан түсті келеді. Үнемі топтанып, жұбын жазбай жүретін қасиеті бар. Кептерлердің француз мондэні, архангель кептері, павлин кептері, ағылшын кептері аталатындары да бар. Біздің Бөкенбай көкеде осылардың қайсысы бар екен? Айтпақшы, көгершін асырауды «байлардың ермегі» көретіндер де бар. Шымкент пен Тараз қалаларында жыл сайын көктем айларында кептерлер көрмесі ұйымдастырылып жататынынан да хабардармыз.

«Ең арзанының құны 5 000 теңгеден басталса, қымбаты 5 000 000 теңгеге дейін барады» дейді интернеттегі мәлімет, рас болса. Бұл орайда, әрине тұқымы мен жасына ерекше мән берілетін болар. Ал көңілінен шыққан құсты бағасының қымбаттығына қарамай сатып алатындар да аз емес. Бөкенбай да, бәлкім, мұндай саудамен айналысатын шығар? Хош, Қаратау сілемдерінен асып, Тамды станциясына табан тіредік. Вальс королі Шәмші Қалдаяқовтың «Тамды аруы» атты әнін тудырған жер. Станцияға соғып Бөкенбай Салыбековтің демалып жатқанын біліп, үйін бетке алдық. Бізге жөн сілтеген бала «Көгершін асырайтын көке ме, анау үйде тұрады» деп нұсқап жіберді. Бөкенбай Мекенұлы нағыз теміржолшыға тән қасиет – тұйық жан екен. Амандық-саулықтан кейінгі әңгіме барысынан аңғарғанымыз, кейіпкеріміз көгершінді пайда көру үшін асырамайды екен. Бұл оның «атакәсібі» болып шықты.

– Өзім Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданының Қайыршахта ауылында туып-өскенмін. Әкем ауыл шетіндегі бір ескі тамда кептер өсірумен айналысатын-ды. Көгершіндерді бала кезімде баптағаным бар, 1995 жылдан тұрақты түрде асырап келемін. Оларды ұшырамын, ойнатамын. Балапан ашқанын қызықтаймын. Күйбең тірліктен, жұмыстан шаршаған кезіңде едәуір тынығып қаласың, ермек. Жүйкең тыншып, ойың бөлінеді. Бұл іспен Састөбе ауылында тұратын ағамның баласы да айналысады, қысқасы, біздің атакәсібіміз, – деп күледі кейіпкеріміз.

Айта кетерлігі, Бөкенбай Мекенұлы Жамбыл темір жол бөлімшесіне қарасты Тамды станциясында 1988 жылдан бері еңбек етеді екен. Яғни, жұмыс өтілі отыз жылдан асып жығылады. «Алдағы желтоқсанда 54 жасқа толамын» дейді. Көгершін асырайтын көкенің кең торында дәл қазір жиырма бес қанатты бар екен. Павлин, сары кептер, ақ кептер, қара кептер... шетінен сүйкімді. Мұны күтіп, баптау да біршама уақытты алады екен, байқағанымыз. Әрі оған құстардың жем-шөбіне, күтіміне кететін өзіндік шығынды қосыңыз. Әрқайсысының бағасы бес мың теңгеден кемі жоқ. Теміржолшының айтуынша, бұл кәсіп өзінің сырын көпке аша бермейтін, достарымен де бөлісе қоймайтын жандарға айрықша елеулі қанағаттану сезімін сыйлайды. Бөкенбай да қолы қалт етсеақ сырын, мұңын, ішкі толғаныстарын, алдағы жоспарларын да осы көгершіндерімен бөліскенді жөн көреді екен. Бұл достықтың құпиясы құстардың үнсіздігінде жатқан болар, бәлкім...

– Әлбетте, құс бағу екінің бірінің қолынан келе де бермейді. Көгершіннің нәзік болмысын ұғыну үшін оларға мейлінше етене жақын болу керек. Кейде сенің көңіл-күйіңнің көңілсіз екені де олар сезеді, – деп сендірді көгершін өсіруді ермек еткен көкеміз.

Теміржолшы Бөкенбай Салыбеков – өнегелі отбасының да иесі. Жары Гүлжан Сапарбаева екеуі бір ұл, екі қыз тәрбиелеп, өмір көшіне қосыпты. Ұл-қыздары мен немерелері де әке-шешелерінің амандығынан соң алдымен көгершіндерді сұрайды екен...  

Инфрақұрылым
15.10.2026
Ақтөбе облысында Қарауылкелді вокзалын қайта жаңарту аяқталды
Жаңалықтар
15.10.2026
Вокзалдарда бақылау күшейтілді
Жаңалықтар
15.10.2026
Қазақстан теміржол транзитін қалай еселемек?
Жаңалықтар
15.10.2026
Пойыз неге рельстен шығып кетпейді? Көпшілік біле бермейтін құпия
Жаңалықтар
15.10.2026
Қазақстан халықаралық теміржол дәліздерін дамыту мәселесін ЭЫҰ елдерімен талқылады
Жолаушылар тасымалы
14.10.2026
4 мыңнан астам бейнекамера ҚТЖ пойыздарында жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етуде
Жаңалықтар
14.10.2026
Астанада Translogistica Kazakhstan халықаралық көрмесі ашылды
Жүк тасымалы
14.10.2026
ҚТЖ Орталық Азия елдеріне астық тасымалдауды 33% арттырды
Жаңалықтар
14.10.2026
Қазақстан мен Бельгия порттар арасындағы серіктестікті дамытуды көздейді
Жаңалықтар
14.10.2026
Қазақстан арқылы транзиттік тасымал көлемі 13,1%-ға өсті
Жаңалықтар
13.10.2026
Теміржолшылар «Семей орманы» резерватында 3500 қарағай көшетін отырғызды
Әлемде
13.10.2026
Stadler АҚШ нарығына арналған алғашқы аккумулятордан қуат алатын пойызды таныстырды
Жаңалықтар
13.10.2026
ҚТЖ өндірістік оқыту жүйесін жетілдіруде
Сұхбат
13.10.2026
Шығыннан – тиімділікке дейін
Жаңалықтар
13.10.2026
«Жас үздік маман» байқауы мәреге жетті
Аймақтар
13.10.2026
417 теміржолшы білімін арттырды
Қауіпсіздік
13.10.2026
Теміржолда балаларды тасымалдау кезінде санитарлық талаптарды сақтау ескертілді
Жаңалықтар / Мұрағат
13.10.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №81 13 қазан 2026 жыл
Әлеумет
12.10.2026
ҚТЖ магистральдық желі қызметкерлері үшін 80 модульдік ғимарат орнатты
Жолаушылар тасымалы
12.10.2026
Мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға пойызда қандай жағдай жасалған?