Швейцарияда тісті теміржолға арналған гибридті локомотивтер жасалады
Швейцарияның Stadler компаниясы Монтре – Роше-де-Не бағытындағы тісті теміржол желісінде пайдалануға арналған екі гибридті локомотив әзірлейді. Осыған байланысты өндіруші жергілікті MVR тасымалдаушысымен Hem 4/4 типті екі локомотив жеткізу жөнінде келісімшарт жасасты. Келісімнің құны жарияланған жоқ, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Жаңа локомотивтерді 2029 жылдан бастап ұзындығы 10,3 шақырым болатын теміржол желісінде пайдалану жоспарланып отыр. Бұл бағыт Монтре қаласын теңіз деңгейінен шамамен екі мың метр биіктіктегі Роше-де-Не тау шыңымен байланыстырады. Жолдың ең жоғары көлбеуі 220 промиллеге жетеді, ал теміржол табанының ені 800 миллиметрді құрайды.
Төрт осьті локомотивтердің автотіркегіш осьтері бойынша ұзындығы 13,5 метр болады. Олар негізінен теміржол инфрақұрылымына қызмет көрсету жұмыстарына пайдаланылады. Локомотивтер 1,5 кВ тұрақты токпен электрлендірілген желіде сағатына 25 шақырымға дейінгі жылдамдықпен жүре алады.
Жаңа техниканың доңғалақ шеңберіндегі қуаты 1,3 МВт, ал бастапқы тарту күші 220 кН болады. Электрлендірілмеген учаскелерде жұмыс істеу үшін локомотивтер дизельді қозғалтқышпен жабдықталады. Сонымен қатар жобалау кезінде машинистің жұмыс орнын барынша ыңғайлы әрі эргономикалық етуге ерекше көңіл бөлінеді.
Бұл тапсырыс Монтре – Роше-де-Не теміржол желісін жаңғырту жобасының бір бөлігі саналады. Бұған дейін MVR осы бағытқа Stadler компаниясынан панорамалық терезелері бар сегіз үш вагонды пойызға тапсырыс берген.
Екі келісімшарт бойынша да жылжымалы құрам Stadler компаниясының Швейцариядағы Буснанг қаласында орналасқан зауытында шығарылады.
Бұдан бөлек, Stadler теміржол желісіне заманауи NOVA Pro сигнал беру жүйесін орнатады. Ал MVR байланыс желісі мен энергиямен жабдықтау жүйелерін жаңартып, сондай-ақ бағыттамалы бұрмаларды жаңғырту жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Жаңғырту жобасы аяқталғаннан кейін Монтре – Роше-де-Не бағыты инфрақұрылымға қызмет көрсету үшін арнайы әзірленген жаңа гибридті локомотивтермен қамтамасыз етіледі.