Немістің логистикалық компаниясы Орта дәліз бойында 14 терминал салуды жоспарлап отыр
Германияның Rhenus Group логистикалық концерні Транскаспий халықаралық көлік бағдары бойында 14 мультимодальды терминал салуды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Жоба аясында Ақтау қаласында ірі логистикалық хаб құру көзделген. Бұл инфрақұрылым Өзбекстан, Қазақстан, Әзербайжан және Түркияны компанияның Еуропадағы логистикалық желісімен байланыстырады, деп жазды Euronews.
Rhenus Group бас директоры әрі басқарма төрағасы Тобиас Барцтың айтуынша, терминалдар Өзбекстаннан басталып, Қазақстан, Әзербайжан арқылы Түркияға дейінгі бағытта орналасады. Кейін олар компанияның Еуропадағы инфрақұрылымымен біріктіріледі.
«Жалпы, Транскаспий халықаралық көлік бағдары жобасы аясында Өзбекстаннан Қазақстан мен Әзербайжан арқылы Түркияға дейін 14 терминал салуды жоспарлап отырмыз. Оларды кейін Еуропадағы желімізбен байланыстырамыз. Қазір онда 23 контейнерлік порт пен порт инфрақұрылымының шамамен 70 нысаны бар», – деді Тобиас Барц.
Ақтауда салу жоспарланған мультимодальды хаб теңіз, теміржол және автомобиль көлігін бір жүйеге біріктіреді. Жобаның аумағы 30 гектарды құрайды. Нысан іске қосылған жағдайда жүк өңдеу қуатын жылына кемінде 150 мың жиырма футтық эквивалент бірлікке (TEU) арттыруға мүмкіндік береді.
Қазір жоба келесі кезеңге өтіп жатыр. Алдағы уақытта серіктестер көлік ағындарына талдау жүргізіп, жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлемек.
Бастаманың негізгі мақсаты – Орта дәліз бойындағы жекелеген елдердің көлік инфрақұрылымын өзара байланыстырып, бірыңғай коммерциялық логистикалық желі қалыптастыру. Бұл бағыттағы терминалдар жүк тасымалын үйлестіруге және Еуропа мен Азия арасындағы сауда байланысын дамытуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Өзбекстандағы терминалдар арқылы Ауғанстанның кілемдері мен шафранын Еуропаға экспорттау жоспарланып отыр.