Еліміздегі ірі стратегиялық жобалардың бірі – «Бақты-Аягөз» теміржол желісінің құрылысы сала ардагерлерінің де назарында тұр. Жуырда «Қазақстанның Еңбек Ері», Құрметті теміржолшы, «ҚТЖ» ҰК» АҚ Консультативтік кеңесінің мүшесі Қалтай Сәмбетов, Семей темір жолының ардагерлер ұйымының төрағасы, Құрметті теміржолшы Қырықбай Әлсейітов Аягөз бен Бақты аралығындағы құрылыс учаскелерінде болып қайтты.

Республикамыздағы айтулы жобаларға қатысқан, тәжірибесі мол, қадірменді ардагерлер құрылыс жұмыстарының жай-күйіне қанығып, арнайы түрде танысты. Қазіргі уақытта жер төсемінің 93 пайызы орындалған. Сонымен қатар жекелеген учаскелер бойынша инженерлік құрылыстар салу және теміржолдың жоғарғы құрылымын төсеу жұмыстары жалғасуда.  

Бас мердігер компания өкілдерінің айтуынша, жұмыстар түнгі ауысымда да бірнеше учаскеде қатар жүргізілуде. Биылғы жылдың соңына дейін 70 шақырым бекітпесіз рельс-шпал торын төсеу жоспарланған болатын. Қазіргі күні шамамен тек үш шақырымы ғана қалып тұр. Желтоқсанның 20-на дейін аяқталмақ.

Топ өкілдері алғашқы болып Аягөз-2 станциясында аялдады. Сонымен қатар Шынқожа, Ай, Шолпан аумақтарындағы теміржол өткелдері мен көпірлерінің құрылысын да қарады. Болашақ Үржар, Мақаншы станцияларындағы теміржол төсемі де назарға алынды. Ортақ талқылау барысында ұсыныс-пікірлер де айтылды.  

Ардагерлер құрылыс нысандарының сапасы мен мерзімінде аяқталуына ерекше көңіл бөлді. Бұл ретте телім бойындағы салынуы тиіс 19 мал өткізу көпірінің 12-і аяқталыпты. Қалған жетеуінде жұмыс жүріп жатыр. Сол тәрізді жобада белгіленген 267 су өткізу құбырларының 245-і салынған. Әйтсе де, желі бойының әр тұсынан көпірлер салуда әлі де атқарылар жұмыстар бар. Ардагерлер құрылыс басында еңбек етіп жүрген жергілікті тұрғындармен де сөйлесті. Көпшілігінің техникалық мамандығы бар екен. Олар кәсіптік қайта даярлаудан өткен соң жаңадан ашылатын телім бойына жұмысқа тұруға ниетті екендіктерін жеткізді. Жалпы, телім бойында атқарылған іс аз емес. Әйтсе де, әлі де күш салып, ширата түсу қажет мәселелер бар.

– Ұзындығы 12 шақырым болатын болашақ Бақты станциясының құрылысына басымдық беру қажет. Құрылыс қарқынымен қатар, жұмыстардың сапасы және белгіленген мерзімнің сақталуы да маңызды. Біз, теміржолшы ардагерлер де, осы маңызды жобаның уақытында аяқталуына мүдделіміз, – дей келе Құрметті теміржолшы Қырықбай Әлсейітов, мердігер компания өкілдеріне сын-ескертпелерін де жеткізді.  

Ардагерлер жаңа желінің бойын, әр құрылысты, жұмсалатын материалдарды мұқият қарап шықты. Сапасына көз жеткізді. Қазақстан темір жолындағы көптеген ірі жобаларды жүзеге асыруда тәжірибесі мол Қалтай Сәмбетұлы салынуы тиіс жекелеген нысандарға да назар аударды. Атап айтқанда, теміржолшылар үшін жайлы баспана, вахталық тұрғын үй тұрғызуда есептен жаңылмау қажеттігін айтты. Осы орайда Үржар және Мақаншы аудандары әкімдерімен кездесулер өткізіп, бірқатар мәселелер ортақ талқыға салынды. Жоспар бойынша келер жылдың соңында пайдалануға берілетін жаңа телім бойына жұмыс күші, мамандар әзірлеу қажет. Бұл мәселе жергілікті атқарушы билік өкілдерімен бірлесе шешілетін болады.