Локомотившілердің үздік ұжымы
Жаңалықтар
14.11.2017, 15:06
Орынбор – Ташкент темір жолының салынып бітуіне байланысты іргетасы 1904 жылы қаланған Қызылорда локомотив депосы ғасырдан да ұзақ уақыт ішінде талай тар жол, тайғақ кешуді бастан кешті. Бірақ, ешқашан абыройлы даңқына дақ түсірген емес.
Бүгінде «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ-ның филиалы ретінде Шиелі мен Қазалы станцияларында айналым деполары біріктіріліп «Қызылорда пайдалану локомотив депосы» деген атпен аймақтағы іргелі, тарихи депо тағы бір құрылымдық өзгеріске ұшырады. Локомотившілер ұжымына көп жылдан бері Құрметті теміржолшы Жұлдызбай Мұсаев басшылық жасап келеді.
Депо ұжымы ғасырдан аса тарихында талай өндірістік жетістіктерге жетіп келеді. Оның бәрін тізбелемей-ақ соңғы жылдағы жетістіктеріне тоқталсақ. Мәселен 2016 жылдың қорытындысы бойынша Қызылорда пайдалану локомотив депосы «Локомотив» АҚ филиалдары арасында 2-орын иеленіп, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» АҚ тарапынан барлық қызметкерлеріне 2 АЕК көлемінде сыйақы берілді. Өткен жылдан бастап депоның тепловоз машинистері салалық зейнетке 57 жастан шыға бастады. Ал ағымдағы жылды да жақсы жетістіктермен бастаған ынтымағы жарасқан машинистер ұжымы локомотивтерді көктемгі байқаудан өткізу нәтижесі бойынша 3-жүлделі орынға иеленген. Және де осы жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысшылардың еңбек жалақысы 5 пайызға өскен.
Бүгінде 876 теміржолшы еңбек ететін Қызылорда локомотив пайдалану депосында 314 тепловоз машинисі, 324 машинист көмекшісі бар, олардың қатарында 1-ші санатты машинист – 27, жүзден астамы 2-ші, 150-дей 3-класты машинистер.
Ұжым қозғалыс қауіпсіздігін сақтау, локомотив паркінің техникалық талапқа сай жұмыс жасауын қамтамасыз ету, жұмыс көлеміне қарай локомотивті тиянақты пайдалануға дайындау, тасымал үдерісін білікті локомотив бригадаларымен қамтамасыз ету секілді жұмыстарды аса жауапты орындауға дағдыланған. Сонымен қатар локомотив шаруашылығына қатысты ішкі-сыртқы жұмыстары да назардан тыс қалмайды. Депода 50 тепловоз бар. 35 тепловоз магистральдық, 15 тепловоз маневрлік жұмыстарды атқарады. Сұранысқа сай бір секциялы ТЭ33А сериялы отандық «Эволюшн», маневрлік қозғалысқа ТЭМ2 тепловозы, жүк және жолаушылар тасымалына екі секциялы 2ТЭ10МК сериялы тепловоздар пайдаланылуда. Қызмет көрсету телімі 628 км құрайтын депо тепловоздары Шиелі – Қызылорда – Қазалы – Сексеуіл станциялары арасында жүк және жолаушылар пойыздарына қызмет көрсетеді. Талап, Жаңақорған, Шиелі, Белкөл, Қызылорда, Тереңөзек, Жалағаш, Төретам, Қазалы секілді станцияларда маневрлік жұмыстарды қамтамасыз етеді.
Барлық тепловоздарға АСУ-ЭДТ бағдарламасы қондырылып тепловоздардың барлық мәліметтері көрсетіліп тұрады. Сонымен қоса «Rems» бағдарламасы да енгізілген. Бұл бағдарламада тепловоздардың дизель-генераторының айналымы, жанар-жағармай шығыны көрсетіліп тұрады және тепловоздың қай жерде жүргенін бақылап отыруға мүмкіндік бар.
Жыл басынан бергі 10 айда 11468,584 мың тон.км.брутто межесі 11783,480 мың тонна км.брутто көлемінде атқарылып, жоспар 102,75 пайызға орындалған. Бұл көрсеткіш жүк тасымалы жұмысының азаюына байланысты өткен жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 4,16 пайызға артқан. Техникалық жылдамдықтың 54,23 км/сағ жоспары 54,39 км/сағатқа өсіп, меже 100,29 пайыз, локомотивтердің орташа тәуліктік өнімділігінің 2875,13 мың тонна-км брутто көрсеткіші 2866,65 мың тонна-км бруттоға жетіп, жоспар 101,19 пайызға орындалды, – деп мәлімет берді депо басшысы Жұлдызбай Ақпанұлы.
Өңірдегі дизель отыны күшімен тартым күші қолданылатын кәсіпорынның бірі ретінде халықаралық және отандық стандарттардың талаптарын орындау –бүгінгі күннің басты талабы. Осыған сай депоның жауапты мамандары арнайы курстарда білімін жетілдіріп отырады. Халықаралық стандарттардың ISO 9001:2016. «Сапа менеджменті жүйелері. Талаптар», ISO 14001:2016 «Экологиялық менеджмент жүйесі», OHSAS 18001:2016 «Менеджмент жүйесінде кәсіби қауіпсіздік және денсаулық», ISO 50001:2016 «Энергоменеджмент жүйесі» стандарттары депо өміріне етене еніп осы стандарттардың талаптарын орындауға күш салып жұмыс жасап келсе, биылдан бастап Корпоративті стандарт жүйесі енгізілуде. Бұл стандарттардың жан-жақтылығы, ерекшеліктері ескеріліп пайдаланылуда. Өндірістік сапаны жетілдіре отырып үнемдеп жұмсау қағидасын қатаң ұстануда.
Локомотив шаруашылығының қысқа дайындығын шыңдаған күзгі комиссиялық тексеру аймақта 1 қыркүйек пен 31 қазан аралығында жүргізілді. Бұл мақсатты тексеруде мекемелердің қысқа дайындығын назарға алынып, техникалық талаптардың орындалуы қадағаланды, санитарлық нормалар, өрт қауіпсіздігі, жұмыс орындарының жайына дейін тексеруден өткізілді. Депо шаруашылығында локомотивтердің маусымдық жанар-жағар майларының уақытылы ауыстырылуы тексеріліп, суық ауа райынан қозғалысқа кері әсері болатын кедергілердің алдын-алу шаралары жасалды. Қазан айының 27-де ТЭ33А сериялы – 14,ТЭМ2-ден 13 және 2ТЭ10МК сериялы 14 тепловоз комиссиялық тексеруден жоғары деңгейде өткізіліп болды. Тепловоздар қыс айларында жұмыс жасауға сақадай сай деген қорытынды алды. Сондай-ақ, локомотившілердің жұмыс орны, оның өндірісте қолданатын құрал-саймандарының жай-күйі, т.б. түгел комиссия назарынан тыс қалмады.
Қазіргі таңда атқарылған жұмыстардың есебі цифрлы және электронды форматқа көшірілуде. 2017 жылдың 1-наурызынан бастап шұғыл техникалық есептеу орталығы маршруттарды электронды есептеуге көшкен. Қағазды маршруттар есептен шығарылуда. Тепловоздардың дербес есептік шоттары компьютерге енгізілуде, бұрын ол қолмен есептелініп келген болатын.
Локомотившілерге барлық қолайлы жұмыс жағдайы жасалған. Кабинеттер заман талабына сай техника-құрылғылармен жабдықталған, тепловоздар уақытылы жоспарлы жөндеуден өтуде. Мамандардың кәсіби біліктілігін жоғарылату ұдайы назарда.
Депоға 2005 жылы келген Әлімжан Балмағамбетов бүгінгі таңда жолаушылар тасымалында 2-класты машинист. Өз ісіне алғыр, кәсіби шеберлігі өзгелерге үлгі болған Әлімжан 2007 жылдан машинист көмекшісі, ал 2015 жылдан екінші класты машинист болып еңбек етуде.
Өткен ғасырда атам Ахмет паровоз айдаған екен. Онан кейін алтын бау үзіліп кетсе керек, сол жолды өзім жалғастырып, атам еңбек еткен жерде жұмыс жасағаныма іштей ризамын. Біздің машинистерге барлық қажетті мүмкіндіктер жасалуда. Шиелі, Қазалы және Қызылорда станцияларында машинистер демалатын орталықтарда барлық жағдай жасалған. Рейсте жүрген немесе келген машинистер бригадасының демалып тынығуына толық мүмкіндік бар. Қажетті маусымдық киімдер, қорғаныш жақпа майлар беріледі. Жұмысқа шығар алдында дәрігерлік тексеруден өту қатаң бақыланады, – дейді депо басшылығына ризашылығын жасырмаған Әлімжан Балмағамбетов.
Іргелі мекеменің ауласынан қай кезде де құлақ құрышын қандырып «Қазақ радиосы» сөйлеп тұрады. Биік орналасқан дауыс зорайтқыштан төгілген ән мен күй, әсем әуенге үйренгені сонша, локомотившілер радио жұмыс жасамай үнсіз қалса жұмыс істей алмай қалдық деп шағымданады екен. Радионы күнделікті «Қазақ радиосы» диапозонымен сөйлету депоның техбөлім басшысы Сұлтанбай Боқаевтың құзырында екен. Жұмысқа ертелеп келе салып алдымен радионы қосатын Сұлтанбай одан кейін ғана күнделікті құжаттарды ретке келтіруге кірісетін көрінеді.
Машинистер ұжымы болған соң, басты назар олардың біліктілігін жетілдіруге аударылады. Жыл басынан бері аптаның ішінде арнайы техникалық сабақты машинист-нұсқаушылар, арнайы құзырет берілген инженер мамандар өткізеді. Машинистердің білімі мен тәжірибесі, біліктілігі бекітілген комиссия мүшелерінің тексеруіне салынып, олардың қорытындысымен локомотив бригадалары жасақталады. Заманауи техникалардың өндіріске енгізілуіне байланысты техникалық кабинеттер арнайы видео, аудио құрылғылармен жабдықталған. Қандай да бір орын алған жағдайдан машинистердің бәрі хабардар болуы үшін осы құрылғыларға жазылып алынған таспалар түсіріліп, талқыға салынып түсіндіріледі. Ауысымнан оралған машинист бригадаларына да осындай таспалар арнайы көрсетіліп, қозғалыс қауіпсіздігін сақтау шаралары пысықталып отырады. Өзімізден бөлек машинистер мен машинист көмекшілері Астана, Ақтөбе қалаларындағы орталықтарда арнайы біліктілігін көтеру, білімін шыңдау курстарына жіберіліп отырады. Мәселен биыл 5 тепловоз машинисі, 4 инженер-техник қызметкерлер біліктілігін арттыру курстарын оқып келді, – дейді Ж. Мұсаев.
Депо бастығының айтуынша, локомотившілер ұжымының әлеуметтік мәселелеріне де қолдан келгенше қолдау жасалып отыр. Мәселен жыл басынан бері депода жалпы шаруашылық шығысынан әлеуметтік төлемдерге 129 565 мың теңге көлемінде қаражат бөлініп, оның 141 769 мыңы жұмсалды. Бұл қаржы ұжым мүшелері мен олардың отбасы мүшелерінің ем-домы, машинистердің тісін емдетіп, протездеуге, денсаулығын сауықтыруға, балалардың жазғы сауықтыру лагерьлеріне жұмсалған.
Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда
Жаңалықтар
26.11.2024
Жаңа темір жолдардың құрылысы кезінде 157 көпір салынады
Жаңалықтар
26.11.2024
ҚТЖ 2027 жылға дейін 9 терминал салады
Жаңалықтар
26.11.2024
2029 жылға дейін 5 мың км жол салынады
Жаңалықтар
26.11.2024
Оқушылар мен колледж студенттері теміржолшы мамандығымен етене танысты
Жаңалықтар
26.11.2024
Биыл отандық өндірушілермен 1 637 келісімшарт жасалды
Жүк тасымалы
26.11.2024
Достық станциясынан ҚХР-ға тасымалдау жоспары мерзімінен бұрын орындалды
Жолаушылар тасымалы
26.11.2024
Жолаушылар вагондарындағы стоп-кранды пайдалану ережелері
Жаңалықтар
26.11.2024
Ыстамбұлда ТХКБ дамуы талқыланды
Инфрақұрылым
26.11.2024
Павлодар магистральдық желі бөлімшесінің инфрақұрылымын дамыту жалғасуда
Аймақтар
26.11.2024
Күзет мамандары үш тілді қатар меңгеруде
Аймақтар
26.11.2024
Станция басшылары біліктілігін арттырды
Станция тынысы
26.11.2024
Аймақтың бағын ашқан алып құрылыс
Инфрақұрылым
26.11.2024
Жолдарды жаңғырту – жауапты мәселе
Жаңалықтар / Мұрағат
26.11.2024
«Қазақстан теміржолшысы» газеті, №100 26 қараша 2024 жыл
Жаңалықтар
25.11.2024
ҚТЖ Хорватия серіктестерімен байланысты нығайтады
Жаңалықтар
25.11.2024
Белгісіз біреулер Көкпекті – Нұра аралығындағы жолдан бекітпе болттарды ұрлап кеткен
Аймақтар
25.11.2024
Ардагерлер алғысқа бөленді
Әлемде
25.11.2024
Alstom Израильге электровоздарды жеткізуді аяқтады
Спорт
25.11.2024
ҚТЖ құрамасы – чемпион!
Жаңалықтар
25.11.2024
Транскаспий дәлізі: Бакуден Сианға алғашқы контейнерлік пойыз жөнелтілді