Елорданың әуе қақпасы

Жаңалықтар
22.06.2018, 12:23
Санаулы жылдан соң тоқсан жылдық мерейтойын атап өткелі отырған Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының қарқынды дамуы елордасы Астана болып жарияланған сәттен бастау алды. Бүгінде әуежай тұрақты түрде шетелге шығатын 33 бағдарға, еліміздің ішкі 17 бағдарына қызмет көрсетеді. Жаз маусымының басталуымен ішкі рейс қатары тағы да 3 бағдармен толықса, шетел бағыты 5 бағдарға артып отыр. Мұның барлығы халықаралық әуежай басшылығының іскерлігі мен нақты жоспарының  нәтижесінде жүзеге асып отыр.   Астаналық әуежай тарихына көз жүгіртсек, оның іргетасы 1931 жылы  қаланып, 1 желтоқсанда берілген екен. Осы уақыт ішінде әуежай талай танымал тұлғалардың ұшып келіп, ұшып кету сапарларына куәгер болды. Әсіресе, тәуелсіздік туы тұғырына қонғаннан кейін, қазақ елінің ордасын Астана деп жариялауы әуежайдың «өміріне» де  көп өзгеріс әкелді. 2005 жылы әуежайда бірінші қайта құрылымдау үдерісі жүріп, бүгінде  республика ішілік рейстерге қызмет көрсетіп, сағатына 750 адамды өткізуге қабілетті  2-ші терминал  салыныпты. - Егер 2005 жылы әуе кемелері үшін 33 тұрақ болған болса, бүгінде оның қатары 100-ден асады. Астаналық әуежай тарихындағы қайта құрылымдаудан кейін 33 өндірістік нысан салынды. Сондай-ақ, 2015 жылы бизнес-авиация үшін жаңа терминал іске қосылды. Ол чартерлік рейстерге қызмет көрсетеді. Осы жылы халықаралық бағыттарға қызмет көрсететін жаңа терминалдың құрлысы басталды. Бұған дейін қолданыстағы Т2 терминалы жылына 3 миллион 400 мыңға жуық  жолаушыға қызмет көрсетті. Бұл жоспарланған көрсеткіштен едәуір артық еді. Сондықтан жаңа қондырғымен жабдықталған, заманауи терминалға сұраныс туды. Оның үстіне алда «ЭКСПО» халықаралық мамандандырылған көрмесі өтетіндіктен, қалаға келетін қонақтар мен қатысушылардың саны артары сөзсіз еді. Сөйтіп, 2017 жылы Т1 терминалының  құрылысы аяқталып, 5-ші маусым күні бірінші халықаралық рейс Астана – Мәскеу бағытында ұшатын Аэрофлот компаниясының жолаушыларына қызмет көрсетілген. Еліміздің елордасы Астана болғандықтан қазірде әуежаймен ынтымақтастық орнатқан жаңа шетелдік авиакомпаниялар саны да артқан. Бүгінде Т1 терминалы халықаралық рейстерге қызмет көрсетеді, ол сағатына ішкі және сыртқы рейстерге техникалық тұрғыдан, 2500 ден аса жолаушыға қызмет көрсетуге қауқарлы көрінеді. Ал екі терминалды қоса алсақ, жылына 8 миллион 200 мыңнан аса жолаушыға қызмет көрсетуге қабілетті. Жаз маусымында терминалдардан тәулігіне 15 мың жолаушы өтіп, ұшақтардың толтырылуы 80 процентті құрайды екен. 2016 жылға қарағанда 2017 жылы жолаушылар ағынының өсімі 25 пайызға артқан. - Бұл біз үшін едәуір көрсеткіш. Негізі орташа өсім біз үшін 10 процент шамасын құрайтын. Бұл мамандандырылған ЭКСПО халықаралық көрмесін өткізу арқасында, жаңа шетелдік авиакомпаниялардың біздің нарыққа келуінің арқасында осындай жемісті нәтиже бар. Былтыр бір ғана «ЭКСПО» халықаралық көрмесі кезінде 1 120 000 астам жолаушыға қызмет көрсеттік. Мұндағы өсім де 25 % құрайды. Өткен жылы бірінші рет польшалық «LOT Polish Airlines» әуежелісі арқылы Астанадан –Варшаваға,   венгрлік «Wizz Air» компаниясы  арқылы Будапешттен – Астанаға, «Finnair» әуекомпаниясы Астанадан–Хельсинкиге, «Air China» әуекомпаниясы арқылы Астанадан – Бейжіңге және кері бағыттарда рейстер ашылды. Алдыңғы екі компанияның ұшу рейстері төмен бюджетті  болуына қарамастан, аэробустары  жолаушыларға өте қолайлы жасалған. Бұл біздің өткен жылдағы жетістігіміз. Биыл да жақсы жаңалықтарымыз бар. Үстіміздегі жылдың бес айында 1 700 000 ден астам жолаушыға қызмет көрсеттік, өсім 20 процентті құрап отыр, жазғы маусымға байланысты бірқатар жаңа рейстер ашылды. «Эйр Астана» әуе компаниясы Түмен, Қазан қалаларына, «Скат» әуекомпаниясы Сочи, Вильнюс, Челябинск, Краснодар бағыттарына рейс ашып, Томбы қаласына бағытталған бағдарды қайта іске қосты. Осы жаңа рейстердің ашылуына байланысты біз тағы да жолаушылар өсімін күтіп отырмыз. Оның үстіне, отандық тасымалдаушылар еліміздің сұранысқа ие ірі қалаларына қатынау жиілігін ұлғайтып отыр, сонымен қатар жазғы маусымға орай ішкі бағыттар бойынша Балқаш, Үржар, Үшарал қалаларына жаңа рейстер ашылды, – дейді әуежай мамандары. Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайының ұжымы бұл күнде транзиттік тасымал әлеуетін арттыруға ден қойып отыр. Әуежайдың алдына қойған мақсаты, Орта Азиядағы аймақтық хабқа айналу, яғни шетелдің үлкен қалаларын Қазақстанның қалаларымен байланыстыру екен. «Қазір бізде транзиттік жолаушылар ағыны белсенді дамып жатыр. Егер 2016 жылмен салыстырып қарайтын болсақ, 2017 жылы транзитті жолаушылар ағынының 40 пайызға өскенін байқаймыз» дейді әуежайдың баспасөз хатшысы Тілеген Әбішев. Оның айтуынша, отандық әуе компаниясы транзитті жолаушыларға арналған арнайы бағдарлама дайындау үстінде екен. Бұл бағдарлама жолаушылар ағынын ұлғайтуға тамаша мүмкіндік болмақ. Ал әуежайдың өзіне келсек, транзитті жолаушыларға қолайлы болу үшін капсулді қонақ бөлмелерін іске қосу көзделген. «Мысалы, Павлодарға бағыт алған турист Астанаға келіп, Павлодарға ұшатын ұшағының уақыты келгенше, осы капсулды қонақ бөлмесінде демалуына болады», – дейді баспасөз хатшысы. Бұл қонақ үй осы маусым айының соңында, Астананың 20 жылдығы қарсаңында ашылмақ. Болжамды деректер, 2019 жылы транзитті жолаушылар ағынының  бірнеше есеге өсетінін алға тартуда. Өткен жылы астаналық халықаралық әуежай арқылы 300 мыңға жуық транзитті жолаушы өткен. Көбінесе, транзитті жолаушылар Қытай-Еуропа бағытына қатынауда. Мысалы, қытай азаматтары Үрімшіден ұшып келіп, Астана арқылы Еуропаға сапар шегеді. Осылай барған оларға қаржылық жағынан да, жол уақытын қысқарту жағынан да тиімді екен. Білгеніміздей, Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы  жүк тасымалын дамытуға да айрықша көңіл бөлуде. Өткен жылы «ЭКСПО» көрмесінің өтуіне байланысты 13 мың тонна жүк тасымалына қызмет көрсетілген. - Биыл бірінші маусымнан бастап модульді жүк қоймасы пайдалануға берілді. Модульдік қойма әуежайдың перронға тікелей шығатын бақылау аймағында орналасқан. Нысанның жалпы аумағы 1100 шаршы метрден асады, әрі онда ішкі әуе бағыттары мен кедендік одақ елдерінен почта мен жүктерді қабылдап және шығаратын, сондай-ақ, трансферттік (транзиттік) жүктерді  қабылдап және жөнелтетін аумақ қарастырылған. Жобамен  жылына 12 мың тоннаға дейін почта мен жүктер өткізіледі.  Нысанға  автоматтандырылған дабыл жүйесі орнатылып, бейнебақылау қойылған.Биылғы жылдың шілде айында әуежай аумағында өздерінің сұрыптау орталықтарын ашу үшін отандық және шет елдік компанияларға қойманың қосымша аумағы жалға беріледі. Болашақта алыс және жақын шет елдердің  ұшу бағыттарын арттырып, Қазақстанның облыс орталықтары мен жақын қалаларға тиесілі жүк көлемін Астананың әуе қақпасы арқылы өткізу жоспарланып отыр.Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы осы бағыт бойынша қызығушылық танытқан әріптестермен ынтымақтастық орнатып, оларға сапалы қызмет көрсетуге дайын, – деп түйіндейді сөзін Тілеген  Әбішев.

Сұлугүл БАКЕСОВА

Аймақтар
26.07.2024
Таразда кәсіподақтың ұйытқы болуымен футбол алаңы ашылды
Жолаушылар тасымалы
26.07.2024
Жолаушылар пойызындағы бір күн
ҚТЖ келбеті
26.07.2024
Тілдей таспада талай сыр бар
Темір жол тарихы
26.07.2024
Сауатты кадрлар ғана салада оң өзгеріс жасайды – ардагер
Жүк тасымалы
26.07.2024
Контейнерлік тасымалдың инновациялық үрдістері
Жүк тасымалы
26.07.2024
Иран-Қытай көлік бағыты жаңартылуда
Жаңалықтар / Мұрағат
26.07.2024
«Қазақстан теміржолшысы» газеті, №61 26 шілде 2024 жыл
Жүк тасымалы
25.07.2024
ЕАЭО елдері теміржол көлігін дамыту мәселесін талқылады
Жүк тасымалы
25.07.2024
Атырауда жүк тасымалы межеден асып түсті
Әлеумет
25.07.2024
Қызылордалық 20 бала «Туған жерге саяхат» турымен Астанаға аттанды
Темір жол тарихы
25.07.2024
Паровоз тізгіндеген қазақ қызы
Жолаушылар тасымалы
24.07.2024
Пойызға билетсіз мінгізгені үшін жұмыстан шығарылды
Жаңалықтар
24.07.2024
Құрық теңіз порты мен Транскаспий халықаралық көлік бағытын байланыстыратын жол күрделі жөндеуден өтті
Жаңалықтар
24.07.2024
Кірме жолдарды мемлекеттік меншікке беру рәсімі аяқталды
Әлемде
23.07.2024
Германияда Еуро-2024 кезінде қалааралық пойыздармен 12 миллион жолаушы тасымалданды
Әлемде
23.07.2024
Еуропалық Одақ көлік жобаларына 7 миллиард еуро бөлмек
Жүк тасымалы
23.07.2024
ҚТЖ астық тасымалына дайындығын пысықтауда
Қауіпсіздік
23.07.2024
Атырауда техникалық-әдістемелік сабақ өтті
Жаңалықтар / Мұрағат
23.07.2024
«Қазақстан теміржолшысы» газеті, №60 23 шілде 2024 жыл
Жаңалықтар
22.07.2024
Қазақстан, Түрікменстан және Ауғанстан жаңа теміржол магистралінің құрылысын талқылады