Пойыз жолаушылары Aitu ұлттық мессенджерін тегін пайдаланып, ұзақ сапар кезінде де жақындарымен хат алмасып, хабарлама жібере алады, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Бұл жолаушылар пойыздарындағы интернет инфрақұрылымын дамыту жұмыстарының арқасында мүмкін болып отыр. «Жолаушылар тасымалы» АҚ серіктестерімен бірлесіп, жолаушыларға заманауи әрі қолайлы жағдай жасауға, сапар уақытын жайлы өткізуге және жақындарымен үнемі байланыста болуға мүмкіндік беріп келеді.
Еске сала кетейік, қазан айында Қазақстандағы 1 500-ден астам жолаушылар вагонын жоғары жылдамдықты Starlink спутниктік интернетімен жабдықтау жоспарланғаны хабарланған болатын. Алғашқы кезеңде жолаушыларға бір ай бойы интернет тегін ұсынылды.
Енді Aitu мессенджерін де тегін пайдалануға болады. Ұлттық мессенджер жақындарыңызбен байланыста болуға, хабарламалар алмасуға және күнделікті қарым-қатынасқа арналған ыңғайлы мүмкіндіктерді пайдалануға жол ашады.
Сонымен қатар Aitu-да қазақ және орыс тілдері арасындағы хабарламаларды автоматты түрде аудару, ақша аудару, шот ұсыну және чаттың ішінде ЭЦҚ арқылы құжаттарға қол қою мүмкіндіктері бар.
Жақындарыңыз әрдайым жаныңызда болмаса да, байланыста болыңыз. Aitu — жолдағы сенімді серігіңіз!