«Жолаушылар тасымалы» АҚ жолаушылар вагондары паркін жаңарту жұмыстарын жалғастыруда. №47/48 «Нұрлы жол – Атырау» бағыты бойынша қолданыстағы стандартты вагондардың орнына отандық өндірістен шыққан жаңа Stadler вагондары жолға шығады, деп хабарлайды Rail-news.kz.
Жаңартылған құрам алғашқы сапарына 2026 жылғы 23 қарашада «Нұрлы жол» вокзалынан аттанады. Пойыз күнара жүреді. Ал Атыраудан Нұрлы жол бағытына пойыздың рейсі 25 қарашаға жоспарланған.

Пойыз құрамында 9 жолаушылар вагоны болады. Купе вагондарында 40, плацкарт вагондарында 56 жолаушыға арналған орын бар. Жолаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін вагондар климатты реттеу жүйесімен, жеке жарықтандыру шамдарымен, 220 В розеткаларымен, бейнебақылау жүйесімен және жүк орналастыруға арналған орындармен жабдықталған. Сондай-ақ, буфет қарастырылған. Арнайы қажеттілігі бар жолаушылардың сапарға шығуына да қажетті жағдай жасалған.
Бағытта әйел жолаушыларға арналған арнайы вагон қызметі сақталады. Ол №4 вагонға орналастырылады. Бұл вагонға билеттер тек әйелдерге сатылады. Алайда 7 жасқа дейінгі ұл балалардың жол жүруіне рұқсат етілген.
Жаңа вагондардың жолға шығуы жолаушылар вагондары паркін кезең-кезеңімен жаңарту жұмыстарының жалғасы. Бұл шара жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға және сапар кезінде қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
№47/48 «Нұрлы жол – Атырау» пойызына билеттерді bilet.railways.kz сайтынан және теміржол вокзалдарындағы кассалардан сатып алуға болады.
