Көлік әлеуетін дамытудың ұтымды жобалары

Жүк тасымалы
24.01.2025, 08:50
Сұлугүл Бакесова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

Еліміздің аумағы арқылы өтетін 13 халықаралық дәліздің бесеуі теміржол көлігіне тиесілі. 2024 жылдың жұмыс қорытындысына келсек, былтыр осы дәліздер арқылы 34,4 млн тонна транзиттік жүк өткен. Оның 27,4 млн тоннасы теміржол көлігі арқылы тасымалданып, қалғаны автомобиль көлігінің еншісінде болған.

Транзиттік жүк тасымалында Транскаспийлік халықаралық көлік бағдарының (ТХКБ) алар орны ерекше. 2022 жылдан бастап осы бағдарға қызығушылық артып келеді. Қазіргі таңда Орталық дәліз немесе Middle Corridor деп аталатын бағдардың өткізу қабілеті 6 млн тоннаға тең. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Орта дәліз арқылы 4,5 млн тонна жүк тасымалданған. Жыл сайын жүк тасымалында оң динамика байқалуда. Көлік министрлігі алға тартқан деректерге сүйенсек, биылғы жылдың көрсеткіші өткен жыл жоспарынан 66 пайызға асып жығылған.  

«Көлік әлеуетінің дамуына алғышарт болатын басты фактор – ол тиісті инфрақұрылымның және оның өткізу қабілетінің жоғары болуы. Біз Орта дәлізді дамыту мақсатында елімізде төрт ірі жобаны жүзеге асыруды бастадық. Олар Достық – Мойынты учаскесінде екінші теміржол салу, Алматы айналма жолы, Дарбаза – Мақтаарал теміржол құрылысы және Қытаймен Қазақстан арасындағы үшінші түйіспе Бақты – Аягөз темір жолы», – деді Көлік министрлігінің өкілі Сәтжан Өзбеков «Егемен Қазақстан» газетінде өткен дөңгелек үстелде.  

Оның айтуынша, ТХКБ-ге қатысушы елдер Қазақстан, Әзірбайжан және Грузия. ТХКБ-ға негізгі жүктерді тартатын Қазақстан болғандықтан, еліміздің бұл дәлізде рөлі ерекше. Сондықтан негізгі шешуші шараларды қабылдайтын да Қазақстан болып отыр. Жүктің басым бөлігі Қытайдан шығып, Үрімші арқылы қазақстандық Достық және Алтынкөл шекаралық түйіспе станцияларынан өтіп, одан ары Ақтау және Құрық порттарына жол тартады.  

«Орта дәлізді дамытуға Қытай да мүдделі. Қытаймен Орта дәлізді дамыту бойынша қол қойылған келісім бар. Оның шеңберінде жұмыс тобын құрдық. 2024 жылдың қыркүйек айында жұмыс тобының отырысы өтіп, контейнерлік транзиттік пойыздар санын жылына 2000-ға дейін ұлғайтуға келісім жасалды. Сондықтан алда контейнерлік пойыздар өсімін күтуге болады. Өткен жылдың өзінде қытайлық контейнерлер көлемінің 28 есеге өскенін байқап отырмыз», – деді Сәтжан Өзбеков.  

Әріптесінің сөзін Көлік комитеті төрағасының орынбасары Нұржан Келбұғанов та растады. Ол теміржол көлігімен жүк айналымының өсіп келе жатқанын, өткен жылы 303 млн тонна жүк теміржол арқылы өтіп, соңғы 30 жылдағы рекордтық көрсеткішке қол жеткізгенін атап өтті.  

«Соңғы 10 жылда транзиттік пойыздар саны екі есе көбейді. Мемлекет басшысы біздің алдымызға темір жолды, жалпы көлік саласын транзиттік хабқа айналдыру міндетін қойды. Әрине, бұл міндеттерді орындау үшін бірнеше мәселе шешімін табу керек. Бірінші, бұл инфрақұрылымның жетіспеушілігі. ҚТЖ-ға тиесілі 16 мың шақырым жол болса, соның 11 мың шақырымын күрделі жөндеуден өткізу мәселесі тұр. Екі жылда 2800 км күрделі жөндеуден өтіп, алдағы бес жылдың ішінде 11 мыңға жеткіземіз. Осылайша тозу деңгейін жақсартпақпыз. Биыл ұзындығы 836 шақырымды құрайтын Достық – Мойынты учаскесіндегі екінші жол пайдалануға берілмек. Әрбір учаске белгіленген кестеге сәйкес ай сайын беріліп отырады. Мәселен, Мойынты – Балқаш осы бір айдың ішінде іске қосылады, Бескөл – Достық наурыз айында беріледі. Бұл жоба толық іске асқанда, Қытай мен Қазақстан арасындағы өтімділік бес есеге артады. Ал Алматы айналма темір жолы Қытайдан келетін жүктің шапшаң өткізілуін, яғни пойыздардың жол үстіндегі жүру жылдамдығын қамтамасыз етеді. Дарбаза – Мақтаарал Өзбекстанмен қосымша түйіспе, оның қуаттылығы 20 млн тоннаға жетеді. Ал төртінші Бақты – Аягөз теміржол құрылысына келсек, ол 20 млн тонна жүкті Қытайдан өткізу қабілетіне ие болады. Жалпы біздің ең үлкен стратегиялық әріптесіміз – Қытай. Бүгінде екі ел арасындағы өткізу қабілеті 28 млн тоннадан аспай тұр. Достық, Алтынкөл және осы үшінші теміржолды ашқан кезде Қытаймен жүк алмасу 76 млн тоннаға дейін немесе 3 есеге көбеймек.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе – сыртқы түйіспелерімізбен қуаттылықты арттыру. 27 түйіспеміз бар. Оның ішінде Ресеймен 15 түйіспенің бүгінде 9-ымен теміржол қатынасы толық жұмыс істеп тұр. Алда түйіспелердің қуаттылығын 123 млннан 150 млнға дейін арттыру жоспары тұр.  

«Бұл бағытта Илецк теміржолында, Павлодармен шектесетін түйіспе жолдарында жұмыстар басталып кетті. Сарыағаштың қуаттылығын 32 мыңнан 36 мыңға дейін арттырдық. Үшінші міндет – локомотивтердің санын арттыру. 2023 жылы 113 локомотив сатып алынса, 2024 жылы 185 локомотив сатып алынды. 2025 жылғы жоспар – 200 локомотив. Осылайша, локомотив жетіспеушілігін түбегейлі жою міндеті тұр», – деді Нұржан Келбұғанов.  

ТХКБ – Ресейді айналып өтетін жалғыз дәліз. Сондықтан бұл дәліздің еліміз үшін маңыздылығы айтпаса да түсінікті. Оның үстіне, бұл дәлізге отандық экспорттаушылардың тарапынан сұраныс жоғары. Орталық дәліздің ел экономикасы үшін аса қажет екенін ескере отырып, Достық – Мойынты жобасы біткеннен кейін биыл Қарағанды облысы аумағындағы Қызылжар – Мойынты жобасы қолға алынбақ. 366 шақырымды құрайтын Қызылжар мен Мойынты учаскелерін қосудың қандай қажеттілігі бар дейтін сұрақ туындайтыны рас. Оған Көлік министрлігі өкілдерінің өз уәждері бар.  

«Қызылжар мен Мойынты арасында 366 шақырым темір жол салынады. Оны биыл сәуір айынан бастап, келесі жылы бітіру межеленген. Бұл жоба іске асқан кезде Қытайдан шыққан жүкті локомотив ауыстырмай, бір тепловозбен Ақтауға үш күн ішінде жеткізу мүмкіндігіне ие боламыз. Осыған байланысты арнайы локомотивтер дайындалып жатыр. Тіпті вагондар да өзгеше болмақ. Яғни бұл арнайы екі қабатты контейнер таситын вагондар болады. Сонда Орта дәліз – екі пойыздың жүгін бір пойыз таситын, яғни жүк көлемінің қуаттылығын арттыратын дәліз болады. Бұрынғы схема бойынша контейнерлік пойыз Мойынтыға жетіп, әрі қарай электровозға ауысып, Жарыққа барып, одан кейін қайта Жарықтан тепловозға ауысу керек болатын. Қазір 190 шақырымды кесіп өтіп, тура тепловозбен жүкті басынан аяғына дейін жеткізетін болады. Екі қабатты вагонның үлгісін ЗИКСТО шығарып берді. Біз оны Алтынкөл – Жетіген учаскесінде пайдаландық, ол сынақтан сүрінбей өтті», – дейді министрлік өкілдері.

 

Қауіпсіздік
21.01.2026
Көлік полициясы теміржолда қауіпсіздік ережелерін сақтауға шақырды
Жаңалықтар
21.01.2026
Жаңа теміржол желілерінің құрылысы осы жылы аяқталады – Нұрлан Сауранбаев
Әлемде
21.01.2026
Түркия 2026 жылы теміржол жобаларына 6 миллиард доллардан астам инвестиция салмақ
Әлемде
21.01.2026
Испанияда үш күнде екі мәрте теміржол апаты болды
Жүк тасымалы
21.01.2026
Жылыту маусымы басталғалы ҚТЖ желісімен 54,3 млн тоннадан астам көмір тасымалданды
Жүк тасымалы
20.01.2026
2025 жылы Өзбекстанға астық тасымалы 32% өсті
Жаңалықтар
20.01.2026
Ақмола өңірінде түйіспесіз жолдың жай-күйін бақылау жүйесі енгізілді
Жаңалықтар / Апта саны
20.01.2026
ҚТЖ-ның әйелдерге арналған вагондарын 822 мыңға жуық жолаушы пайдаланған
ҚТЖ келбеті
20.01.2026
Түбек теміржолын түлеткен тұлға
Станция тынысы
20.01.2026
Сексеуіл теміржолшыларының жемісті жылы
Инфрақұрылым
20.01.2026
Тараз қаласында темір жол үстінен өтетін көпір құрылысы жүріп жатыр
Инфрақұрылым
20.01.2026
Астана-1 вокзалының жаңа бөлігінің реконструкциясын қазан айының соңына дейін аяқтау жоспарлануда
Аймақтар
20.01.2026
Марапатқа лайық машинистер
Қауіпсіздік
20.01.2026
Жолдағы жауапкершілік: Әр азамат нені білуі тиіс?
Жаңалықтар / Мұрағат
20.01.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №4 20 қаңтар 2026 жыл
Әлемде
19.01.2026
Talgo компаниясы Өзбекстанның жүрдек пойыздарына техникалық қызмет көрсетеді
Қауіпсіздік
19.01.2026
Темір жолдағы тәртіп пен тәуекел: Атырау өңірінде қозғалыс қауіпсіздігі қалай қамтамасыз етілуде
ҚТЖ келбеті
19.01.2026
Теміржолшы Тамара зейнетке шықты
Спорт
19.01.2026
Ақтөбе станциясында теміржолшылар арасында футболдан турнир өтті
Әлемде
19.01.2026
Испанияның оңтүстігінде екі жүрдек пойыз соқтығысып, 10 адам қаза тапты