Темір тұлпарлар жазғы тасымалға дайын ба?

Инфрақұрылым
22.04.2022, 10:11
Сұлугүл Бакесова

«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ локомотив пайдалану деполарында темір тұлпарлар көктемгі комиссиялық байқаудан өтуде. Үстіміздегі жылдың сәуір айының 10-да басталған бұл байқау 31 мамырда аяқталмақ. Біз комиссиялық байқау жұмысымен таныспаққа Астана локомотив пайдалану депосына жол тарттық...

Бізді депо директорының пайдалану жөніндегі орынбасары Азамат Әуесбаев қарсы алып, «Қамқор-Локомотив» ЖШС-ның жөндеу кәсіпорындарында маусымдық дайындықтан өтіп жатқан ВЛ80, 2ТЭ10, ТЭМ-2 ескі және ТЭ33А және KZ8А жаңа сериялы тепловоздардың жаз маусымына әзірлік жұмыстарымен таныстырды.

Жөндеу кәсіпорнында жолықтырған бас инженер мен еңбек қорғау жөніндегі жетекші инженер бізге еңбек және техника қауіпсіздігі бойынша кіріспе нұсқаулық өткізіп, қауіпсіздік ережесімен танысқанымызды растайтын журналға қол қойғызды, бұдан кейін бәрімізге арнайы каска мен жилет берді. Жолай бас инженер дәліздегі Астана локомотив жөндеу депосының қол жеткізген жетістіктерін айшықтаған стендпен таныстырды. Стендке қойылған көрнекі дүниелер қатарында «Қамқор-Локомотив» ЖШС 13 филиалының арасында Астана локомотив жөндеу депосына берілген Еңбек қорғау қауіпсіздігі қызметінің саласында қол жеткізген жетістіктері үшін «Алтын Каска-2020» дипломы мен алтын түстес касканың өзі де бар екен.

Бұдан кейін біз локомотивтер қаңтарылған цехқа келдік. Астана локомотив пайдалану депосы директорының орынбасары Азамат Әуесбаевтың айтуынша, биыл республика бойынша 1000-нан астам локомотив техникалық қызмет көрсетуден өтетін болса, соның 102 бірлігі астаналық депоға тиесілі екен.

– Қазір өздеріңіз көріп тұрғандай, локомотивтер канавада тұр. Олар толық тексеруден өту үшін тексеру шұңқырында 16-дан 24 сағатқа дейін тұрады. Машиналарда қандай да бір проблема бар-жоқтығын анықтау үшін, білікті мамандар мұқият тексереді. Шын мәнінде, бұл – аса жауапты да ауыр жұмыс, – дейді Азамат.

Елордалық локомотив пайдалану депосының локомотив жөндеуді бақылау бөлімінің бастығы Жоламан Ахмедиев, көктемгі байқау барысында локомотивтердің барлық тораптары мен агрегаттары, тартқыш электр қозғалтқыштарының жүріс механизмдері толық қаралатынын айтады. Желдету және ауа баптау қондырғылары жазғы жұмыс режиміне ауыстырылып, сүзгілер алмастырылады екен. Тежеу жабдықтары, автотіркеме құрылғылары, жылдамдық өлшеуіштер және тағысын тағы бөлшектері сынақтан өтеді. Келесі цехта мамандар қос дөңгелекті ұршықша иіріп, әрі-бері домалатып, бандаждарын алып қарауда. Жұп дөңгелекті тексеру әсіресе аса ыждаһаттылықпен жүргізіледі екен. Енді ше?! Егер сегіз қос дөңгелектен тұратын бір локомотивке артылатын жүктеменің мөлшері 200 тоннаны құрайтынын ескерсек, онда локомотивтің сенімді жұмысы, барлық ауыртпалығы осы қос дөңгелекте екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан темір ұсталары жұп доңғалақтар мен мойынтіректерді жөндеу мен әрлеуде геометриялық дәлдік пен зергерлік шеберлікпен жұмыс істейді екен. Қос дөңгелекті жөндеу цехын әйел адам басқаратыны біз үшін тосынсый болды. Наталья Максименконың бұл цехты басқарып келе жатқанына жеті жыл болыпты.

– Несі бар, біздің цехта 10 адам жұмыс істейді, соның екеуі әйел. Олар қос дөңгелекті жуумен айналысады. Біздің жұмысымыз микрондар мен миллиметрден тұрады. Жа- уапкершілік үлкен, сызба өлшемінен сәл бір ауытқу болса, ол қозғалыс қауіпсіздігіне теріс әсер етеді. Қазір жұмыс жеңілдеді, визуальді немесе даусынан айырудан бөлек ақауларды, ауытқушылықты анықтайтын жабдықтар, құралдар бар, – дейді цех бастығы.

Комиссиялық тексеру барысында локомотивтердің техникалық және өртке қарсы жағдайы, қажетті құрал-саймандардың болуы да бағаланады екен. Локомотивтерді тиісті мәдени және санитарлық-гигиеналық жағдайға келтіру жұмыстарының талапқа сай жүргізілуі тасымалдаудың сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты критерийі болмақ. Сапалы тексеру локомотивтің істен шығуы мен ақаулар санын азайтуға кепілдік береді.

– Тепловоздар ыстықта да, суықта да жұмыс істейді, олардың жұмыс істеу сенімділігі техникалық қызмет көрсету мен жөндеудің сапалы жүргізілуіне байланысты. Жоспарлы маусымдық тексеру жұмыстардың тұтас кешенін қамтиды. Барлық іс-шаралар нұсқаулыққа сәйкес жүргізілуде, – дейді Жоламан Ахмедиев.

Отандық конвейерден шыққан ТЭ33А сериялы локомотивтер күзгі және көктемгі тексерулерден бөлек, 120 күн сайын техникалық қызмет көрсетуден өтеді екен. Әр сапар алдында олар депо аумағында орналасқан жабдық пунктке кіргізіліп, құм, су, отынмен жабдықталады.

– Депода құм алдын ала дайындалып, арнайы орындарда сақталып, содан кейін құм кептіргіште кептіріледі. Сосын ғана ол тұрақты ауа қысымымен құбыр желісі арқылы локомотивтің құм резервуарла- рына жіберіледі. Ал тепловоздарда құм бункерлерге құйылады. Локомотивке құм не үшін керек десеңіз, құм локомотивке жол үстінде доңғалақтарының сырғанап тайғанақтауын болдырмау немесе азайту үшін қажет. Ал суға келсек, ол локомотивті салқындату жүйесі үшін қажет. Әдетте, сумен жабдықтау коррозияға қарсы арнайы қоспасы бар қосқыш шланг арқылы жүзеге асырылады. Барлық процедураларды слесарьлардан құралған бригадалар санаулы сағат ішінде атқарады, – деп тәптіштей түсіндірді Азамат Әуесбаев.

Тексеру нәтижелерін бақылауды пайдалану деполарының қызметкерлері және локомотивтерді қабылдау инспекторлары жүзеге асырады екен.

Аймақтар
17.07.2026
Жақсы теміржол вокзалын жаңарту жұмыстары аяқталды
Жаңалықтар
17.07.2026
Жаздың басынан бастап ҚТЖ теміржолдағы қауіпсіздік бойынша республикалық акциялар өткізуде
Жаңалықтар
17.07.2026
«Қазтеміртранс» АҚ 2032 жылға дейін 13 мың жүк вагонын сатып алады
Аймақтар
17.07.2026
Семей магистральдық желі бөлімшесі жартыжылдықты табысты қорытындылады
Аймақтар
17.07.2026
Сексеуіл теміржол торабында жүк тиеу жоспары асыра орындалды
Аймақтар
17.07.2026
Ганюшкинодағы жаңа вокзал қызметкерлерін Атырау телімінің басшылығы құттықтады
Жаңалықтар
17.07.2026
«ҚТЖ-Жүк тасымалы» ұжымына жаңа Конституцияның ережелері түсіндірілді
ҚТЖ келбеті
17.07.2026
Дарақ бір жерден көгереді
Қауіпсіздік
17.07.2026
Ақтөбе станциясында күйдіргіге қарсы оқу-жаттығу өтті
Спорт
17.07.2026
Аядай бекеттегі Азия чемпионы
Жаңалықтар / Мұрағат
17.07.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №54 17 шілде 2026 жыл
Жаңалықтар
16.07.2026
Магистральдық желі дирекциясының басшылары Арқалықта жұмыс сапарымен болды
Жаңалықтар
16.07.2026
ҚТЖ-ның өрт сөндіру пойыздары Ақмола және Павлодар облыстарындағы дала өрттерін сөндіруге қатысты
Аймақтар
16.07.2026
Еңбек процесін оңтайландырған жоба
Жолаушылар тасымалы
16.07.2026
ҚТЖ «Нұрлы жол – Арқалық» бағыты бойынша жолаушылар пойызын іске қосады
Жүк тасымалы
16.07.2026
Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалының көлемі 9%-ға артты
Жаңалықтар
15.07.2026
ҚТЖ басшылығы Шанхайда бірқатар екіжақты кездесу өткізді
Жаңалықтар
15.07.2026
ҚТЖ Шанхайда қытайлық серіктестермен бірқатар келісімдерге қол қойды
Әлемде
15.07.2026
Үндістан теміржолы жүк тасымалын жеңілдетуде
Жаңалықтар
15.07.2026
ҚТЖ теміржол желісінің 1 056 шақырымында цифрлық автобұғаттау жүйесін енгізді