Атырау теміржолында 29,7 шақырым жол күрделі жөндеуден өтті
Атырау облысы бойынша меншікті тілші
Осы жылы өңірде ауа-райы жол жөндеу жұмыстарына қолайлы, жауын-шашыны аз, күн ашық болды. Соған сәйкес жоспарланған жұмыстар да кестеге сай жүйелі орындалуда.
Атырау магистральдық желі бөлімшесі бойынша өткен 9 айда жол сапасын орташа балдық бағалау негізінде 56 балды құрап, орындалуы 30 балл немесе 187% көрсеткен. Яғни аймақта жол сапасының жыл сайын біртіндеп жақсарып келе жатқаны байқалады. Бөлімше басшысының бірінші орынбасары Аманқос Жылқышиевтің айтуынша, биылғы межеленген жұмыстар да жол сапасын тағы бір сатыға көтеріп, пойыздар жылдамдығын арттыруға сеп болмақ.
Атап айтсақ, биыл Құлсары жол дистанциясына қарасты Құлсары – Бейнеу учаскесінде, рзд. Майкөмген – рзд 467 – рзд 468, яғни 1197-1227 км аралығында 29,732 км жолды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қазіргі уақытта толықтай аяқталған.
Күрделі жөндеу жұмыстары барысында жолдың ескі темір жолы түгел алынып, орнына су жаңа темірбетонды шпалдар барлық технологиялық талаптар сақталып салынған. Күрделі жөндеуден бөлек жолды орташа жөндеуден өткізу, бұрмаларды ауыстыру және жол бойында малдың шығуына қарсы қоршау тұрғызу жұмыстары қоса жүргізілген.
Тоғыз айда жоспардағы 9,2 км жолды орташа жөндеуден өткізу бойынша жоспардың бүгінде 4,534 шақырымы орындалған. Атырау және Құлсары жол дистанциялары бойынша барлығы 48 дана бұрма жаңасына ауыстырылып, 10 жиынтық бұрынғы бұрма орнатылған. Сондай-ақ 76,6 км жол бойында малдың шығуына тосқауыл болатын қоршау тұрғызу жұмыстары бойынша шұңқыр қазылып, сым тарту үшін 37,1 шақырымға бағаналар орнатылған. Жол жұмыстары жалғасуда.