Астана жол дистанциясының №5 өндірістік теліміне қарасты теміржолда шпалдар ауыстыру, жазғы жол шаруашылығы және қысқа дайындық жұмыстары жүргізілуде. Телім бастығы Жанарыстан Алпамысовтың айтуынша, оның теліміндегі аудан ЭЦ-1 және ЭЦ-2 деп бөлінеді және бұл ауданда сұрыптау дөңесі орналасқан.

– Үш жол бар. Қазіргі таңда осында жол төсемдерін күшейту жұмыстары жүргізілуде. Бізде осы телімде 155 бағыттама бұрмасы болса, соның бесеуінің ағаш және ескірген шпалдарын темірбетон түріне ауыстырып, бұрмаларды көтеріп, астын қиыршық таспен биіктетіп жатырмыз. Қауіпсіздікке бағытталған әрбір бағыттама бұрмасының жағдайын жақсартқан сайын олардың жарамдылық мерзімі ұзарады. Осы жұмыстарды атқаратын телімнің 85 жолшысы бар. Соның ішінде бір орынбасар, 2 жол шебері және 4 жол бригадирінен тұрады, – дейді телім бастығы.

Жолдың бабын жасайтын жолшылардың өзінің де бабы, яғни еңбек жағдайы жасаулы. Жиналыстарын өткізіп, бас қосатын табель ғимараты, тамақ ішіп, киім ауыстыратын орындары бар. – Жолшылардың еңбекақысы жаман емес. Биылдың өзінде екі рет барлық теміржолшылардың жалақысы көтерілді. Оның үстіне қазір белгіленген жұмыс уақытынан артық еңбек еткені үшін айлығына 20 пайыз үстеме қосылатын болды, – дейді ол.