Қауіпсіздік күн тәртібінен түскен емес

Сұхбат
26.12.2025, 09:30
Суретті түсірген автор
Қуаныш Қожаев

Абай облысы бойынша меншікті тілші

Қауіпсіздік семейлік теміржолшылардың күн тәртібінен түскен емес. Өңір еңбеккерлері баса күш салған іс-шаралар қатарында пойыз қозғалысы мен еңбек қауіпсіздігін сақтау алдыңғы орында тұр. Осынау аса өзекті тақырып аясында атқарылып жатқан жұмыстар туралы темір жолдағы қозғалыс саласында елеулі жылдар еңбек өтілі бар Семей ЖТ бөлімшесінің директоры Алмас Сейсемқанов әңгімелеп берді.

– Алмас Ғылымұлы, әуелгі кезекте қауіпсіздік шараларын сақтау мен күшейтуде талап пен тәртіптің үйлесім табуы үшін қандай жұмыстар атқарылуда? 

– Темір жолдағы қозғалыс қауіпсіздігі тек тәртіп пен ережелерден ғана тұрмайды. Оқыс жағдайлар мен жазатайым оқиғалардың алдын алу да аса маңызды. Бұл ретте бөлімше теміржолшылары аталған мәселені кешенді түрде қарастыруда. Мәселен, биылғы жыл басынан бері бөлімше көлемінде қауіпсіздік тақырыбында бірқатар оқыту семинарлары өткізілді. Соның ішінде 28 сәуір Дүниежүзілік еңбекті қорғау күніне орай ұйымдастырылған іс-шаралардың берері мол дер едім. Сондай-ақ «Денсаулық жағдайының кенеттен нашарлауы» және «Еңбекті қорғау бойынша техникалық инспекторлардың кәсібилік деңгейін арттыру» сынды семинарлар теміржолшылардың қауіпсіздігі мен алғашқы медициналық көмек көрсетудегі дағдыларын арттыруға септігін тигізуде. Кәсіби білім мен біліктілікті шыңдап отыру – қауіпсіздікті сақтаудағы алғышарттардың бірі. Әсіресе жас мамандардың қозғалыс қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыруына баса назар аударылады.  

– Құптарлық дүние. Десе де, биылғы жылдың басынан бері бөлімше көлеміндегі жұмыс орындарында еңбек жағдайларын жақсарту бойынша нақты қандай іс-шаралар қабылданды?

– Қауіпсіздікті сақтауда кәсібилікті арттырумен қатар еңбеккерлерге қауіпсіз әрі жайлы жұмыс орнын қалыптастыруға да айрықша мән берілуде. Осы орайда биылғы жылы біршама жоспарлы жұмыстар жүргізілді. Мәселен, Семей станциясының ЭЦ орталығындағы сұрыптау дөңесі кезекшісіне арналған балкон қайта жаңғыртудан өткізілді. Сонымен қатар Жарма, «Ертіс зауыты», Күмістау сынды бірқатар станциялар мен Аягөздегі ТЧЭ-25 және Семейдегі ТЧЭ-24 мекемелерінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп, теміржолшылар тәулік бойы пайдаланатын нысандар жақсартылды. Атап айтсақ, жылу желілері мен ғимараттардың ішкі жарықтандыру жүйелері ауыстырылды. Салалық кәсіподақ ұйымының көмегімен көптеген жұмыс орындарына кондиционерлер қойылып, тұрмыстық қажеттіліктер берілді. Мұндай жұмыстар қатарын тізе беруге болады. Маңыздысы, қауіпсіздікке ықпал ететін барлық мәселелер ескерусіз қалмай, теміржолшылар тарапынан айтылған өтініштер мен талап-тілектер толық қанағаттандырылуда.  

– Пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін сақтау – басты мәселе. Осы бағыттағы шаруалар туралы бөлісе кетсеңіз.  

– Биылғы жылдың ішінде бөлімше шеңберінде пойыз қауіпсіздігін бұзған үш оқиға тіркелді. Ал өткен жылы жеті оқиға болған еді. Яғни күш жұмылдырудың нәтижесінде желі бойындағы тосын жайттардың әлдеқайда төмендегенін көруге болады. Бұл – қуантарлық жағдай.  

Орын алған жайттарды зерделей келе, бірқатар нақты шаралар қабылданды. Атап айтсақ, пойыз қауіпсіздігі ережелерін бұзуға жол бермеу үшін қозғалыс саласына қатысатын әрбір теміржолшымен жұмыс жүргізілді. Оған ескертулерден бөлек, техникалық оқытулардан өткізіп, білім жетілдіруге жіберуді де қосуға болады. Жалпы, бөлімше бойынша осыған дейін 1326 техникалық оқыту өтті. Оның 980 теориялық болса, 346-ы практикалық дәрістер. Сондай-ақ қауіпсіздікті сақтау профилактикасын жүргізуде бөлімшедегі әрбір пойыз құрастырушысымен жекелей диалог өткізілді. Әңгімелесу барысында пойыз құрастырушылар биыл ел көлеміндегі өз әріптестері тарапынан жіберілген ақаулықтардың себептерін айтып түсіндірді. Осылайша, 137 пойыз құрастырушымен жекелей жұмыс жүргізілді.  

Сонымен қатар жыл басынан бері филиал басшылығы мен пойыз қозғалысы қауіпсіздігі қызметі технологиялық процестердің сақталуына, жылжымалы құрам мен техникалық жабдықтарды күтіп ұстау бойынша 1235-тен аса тексеру жүргізді. Анықталған кемшіліктер жедел түрде жойылып отырды. Бірқатар сенімділігі төмен жылжымалы құрамдар мен құрылғыларды пайдалануды тоқтату үшін шамамен 76 тыйым салу шарасы қабылданды. Сондай-ақ кейбір қызметкерлер білімдерін жоспардан тыс бағалау үшін комиссия қарауына жіберілді. Мұндағы мақсат қызмет сапасын арттыру еді.  

– Теміржолшы ретінде сізді қауіпсіздік шараларын сақтауда толғандыратын негізгі мәселе не?  

– Біз үшін теміржол бойында қозғалыс қауіпсіздігін сақтау – аса маңызды мәселе. Өкінішке орай ол көп жағдайда бақылаудан шығып кетіп жатады. Оған бірінші кезекте, желі бойындағы қараусыз малдың теріс әсерін айтар едім, қараусыз жайылған төрт түліктің кесірінен жылжымалы құрамдардың шұғыл тежелу фактілері өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда бірдей деуге болады. Әрине бұл бағытта ауқымды іс-шаралар атқарылып жатыр. Биылғы жылы да НЖС-6 бөлімшесі бойынша қараусыз малдан қорғайтын қоршаулар салу жұмыстары жүргізілді. Десек те, әлі де атқарылуы тиіс шаруалар жетерлік. Себебі Дегелең – Семей, Жаңа-Семей – Шар, Шар – Аягөз, Аягөз – Таңсық телімдерінде қараусыз мал бойынша мәселелер бар. Бөлімшеміз бойынша кірме жолдардағы қозғалыс қауіпсіздігін сақтау да күн тәртібінен түспей келеді. Тосын жайттардың алдын алу, ақаулықтарды болдырмау мақсатында көлік прокуратурасы мен көліктік бақылау инспекциясының өкілдерін шақыра отырып, кірме жолдардың иелерімен 10 мәрте клиенттік кездесулер өткіздік. Жиындарда қауіпсіздікті сақтау бойынша маңызды мәселелер бірлесіп талқыланды. Әрине жемісті нәтиже де бар. Жалпы бөлімше бойынша қозғалыс қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау бойынша келеңсіз көрсеткіштер жыл өткен сайын төмендеп келеді. Биылғы жылдың қорытындысы да жаман емес. Әйтсе де, осынау бағыттағы жұмыстарды алдағы уақытта да тың қарқынмен жалғастыра беретін боламыз.

– Әңгімеңізге рахмет!  

 

Жолаушылар тасымалы
10.07.2026
Ұлттық тасымалдаушы Алматы бағытында миллионға жуық жолаушы тасымалдады
Аймақтар
10.07.2026
Теміртау вокзалында жолаушылар платформасын жаңғырту жұмыстары аяқталды
Аймақтар
10.07.2026
Құсмұрын станциясында "Қауіпсіз өткел" акциясы өтті
Жүк тасымалы
10.07.2026
Вагон өндірісінен экспортқа дейін: «Қазтеміртранс» жоспары
Сұхбат
10.07.2026
Жүк тасымалы – экономиканың сенімді даму бағыты
ҚТЖ келбеті
10.07.2026
Сайөтесте вагон қараушы апатқа жол бермеді
Жаңалықтар
10.07.2026
ҚТЖ-да жас мамандарға арналған тәлімгерлік жүйе қайта жандануда
Қауіпсіздік
10.07.2026
Өткелден өтудің өз ережесі бар
Жаңалықтар
10.07.2026
Қазақстанның транзиттік әлеуеті халықаралық деректі фильмде көрсетілді
Қауіпсіздік
10.07.2026
Қауіпті аймақта қатер көп...
Жаңалықтар / Мұрағат
10.07.2026
Қазақстан теміржолшысы газеті, №52 10 шілде 2026 жыл
Жаңалықтар
09.07.2026
ҚТЖ теміржол бағыттамаларын жоспарлы түрде жаңартып жатыр
Әлемде
09.07.2026
Ұлыбританияда алғашқы экологиялық таза вокзал ашылды
Жүк тасымалы
09.07.2026
Қысқа дайындық: ҚТЖ көмір тасымалдайтын вагондарды жаппай әзірлеуде
Жаңалықтар
09.07.2026
Елімізде астық экспорты 13%-ға артты
Аймақтар
09.07.2026
«Сарыағаш» теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары тамыз айында аяқталады
Жаңалықтар
09.07.2026
ҚТЖ паркі маусым айында 50 жаңа локомотивпен толықты
Жаңалықтар
09.07.2026
Алматы-1 теміржол вокзалын қайта құруға 500-ден астам жұмысшы тартылды
Әлемде
08.07.2026
Армения Түркия және Әзербайжан шекараларына апаратын теміржол желілерін қалпына келтіре бастады
Жаңалықтар
08.07.2026
Тәртіп сақшылары балаларды теміржол бойында абай болуға шақырды