Теміржол тарихындағы ең ірі жаңғырту жобасы жүзеге асырылуда
«Қазақстан теміржолшысы» газетінің тілшісі
«ҚТЖ» ҰК» АҚ «Магистральдық желі дирекциясы» филиалы өткен жылдың қорытындысы бойынша теміржол инфрақұрылымының тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, негізгі өндірістік көрсеткіштер бойынша оң нәтижелерге қол жеткізді. Дирекцияға қарасты шаруашылықтар бойынша нақты қандай шаруалар атқарылды, не істелініп жатыр және алдағы күн еншісіне нендей жұмыстар жоспарланған? Осы сұрақтар бойынша «ҚТЖ» ҰК» АҚ Инфрақұрылым жөніндегі Басқарушы директоры – «Магистральдық желі дирекциясы» филиалының директоры Сәкен Рахметовті әңгімеге тарттық.
– Сәкен Маратұлы, Магистральдық желі дирекциясы – Қазақстан темір жолындағы инфрақұрылымдарға жауапты ірі филиал. Сол себепті дирекцияға жүктелетін міндет көп, жауапкершілік жоғары. 2025 жыл сіздер үшін қандай жыл болды, өндірістік көрсеткіштер көңілден шықты ма?
– Өткен жылдың қорытындысы бойынша негізгі өндірістік көрсеткіштер бойынша оң динамикаға қол жеткіздік. 2023 жылдан бастап 2029 жылға дейін 11 мың шақырым темір жолды жөндеуді көздейтін ауқымды бағдарлама кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Оның мақсаты – теміржол жолдарының техникалық жай-күйін жақсарту және пойыздар қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Міне, осы Бағдарламаны іске асырудың алғашқы үш жылы ішінде, яғни 2023-2025 жылдар аралығында жалпы ұзындығы 4 448 шақырым темір жол жөнделді. Оның ішінде 1 641 шақырым күрделі жөндеуден өтті. Атап өтерлігі, аталған кезеңде жоспар 234 шақырымға артығымен орындалып, жыл сайынғы жөндеу жұмыстарының орташа көлемі 1 480 шақырымды құрады.
2026 жылы 1 577 шақырым темір жолға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Сонымен қатар Дирекцияның өз күшімен атқаратын жұмыстар көлемі де жыл сайын артып келеді. Мәселен, Ағадыр жол машиналары станциясының (ПЧМ) күшімен орындалатын күрделі жөндеу көлемі 2,5 есеге ұлғайды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Бейнеу – Маңғыстау және Павлодар – Семей учаскелерінде жолдың күрделі жөндеуіне деген қажеттілік толықтай жойылды. Ал 2026 жылы Семей – Аягөз және Мақат – Бейнеу бағыттарында күрделі жөндеу жұмыстары толық көлемде аяқталады. Сонымен қатар Астана – Алматы, Астана – Тобыл, Көкшетау – Қостанай, Арыс – Шеңгелді және өзге де бағыттарда жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Жалпы атқарылған жұмыстардың нәтижесінде ұзындығы 1 283 шақырым учаскеде жолаушылар пойыздарының қозғалыс жылдамдығы артты. Ағаш шпал төселген жолдардың ұзындығы 71 пайызға қысқарып, 4 150 шақырымнан 2 957 шақырымға дейін азайды. Жөндеуді қажет ететін жолдардың ұзындығы 215 шақырымға қысқарып, 2 277 шақырымнан 2 062 шақырымға дейін төмендеді. Сондай-ақ ұзындығы 425 шақырымды қамтитын 95 жылдамдық шектеуі қойылған проблемалық учаске жойылды. Қозғалыс қарқындылығы төмен тұйық бағыттардың 79 шақырымында жөндеу жүргізіліп, пойыздардың қозғалыс жылдамдығы сағатына 25 шақырымнан 60 шақырымға дейін ұлғайтылды. Соңғы үш жылда жол шаруашылығының жай-күйі тұрақты түрде жақсарғанын мобильді диагностикалық кешендердің тексеру нәтижелері де растап отыр. 2023 жылмен салыстырғанда жолдың қанағаттанарлықсыз жағдайын сипаттайтын көрсеткіштер орта есеппен 35 пайызға төмендеді. Атап айтқанда, үшінші дәрежелі ауытқулар 35 пайызға, төртінші дәрежелі ауытқулар 40 пайызға, ал қанағаттанарлықсыз деп бағаланған жолдардың ұзындығы 29 пайызға қысқарды.
Сонымен қатар былтыр жол шаруашылығын жаңғырту аясында жаңа ЭЛБ-4С электрбалластерлері сатып алынды. Заманауи жол техникасы бір-бірден Қырқыншы, Шу және Ағадыр жол машиналары станцияларына жеткізілді. Бұл теміржол жолдарын күтіп ұстау және жөндеу жұмыстарының өнімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Және де жасанды құрылыстарды қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз ету мақсатында Астана және Ақтөбе қалаларында екі мамандандырылған көпір құрылысы жасағы құрылды. Бұл жасақтар көпірлерді тексеру, диагностикалау және жөндеу жұмыстарын тиімді ұйымдастыруға, сондай-ақ олардың техникалық жай-күйіне бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.
–Дирекция бойынша жүзеге асырылған жобаларға тоқталсаңыз...
– 2025 жыл Магистральдық желі дирекциясы үшін теміржол инфрақұрылымын ауқымды жаңғырту мен оны дамытудың жаңа кезеңіне қадам басқан жыл болды. Бұл кезең сала тарихындағы ең ірі жаңғырту бағдарламасының басталуымен ерекшеленді. Бағдарлама өткізу қабілеті шектеулі, шамамен 3 мың шақырым теміржол учаскесін қамтып отыр. Бұл магистральдық желінің жалпы ұзындығының шамамен төрттен бір бөлігіне тең. Жаңғырту жұмыстары еліміздің жеті стратегиялық маңызы бар бағытында қатар жүргізілуде. Олар: Алтынкөл – Жетіген, Маңғыстау – Бейнеу, Қызылжар – Сексеуіл, Тобыл – Қандыағаш, Шалқар – Бейнеу, Ақсу – Жаңа-Семей және Әлімбет – Никельтау учаскелері. Бұл бағыттар экспорттық және транзиттік жүк ағындарын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады. Ең бастысы, бұл жұмыстар жыл сайын артып келе жатқан жоспарлы жол жөндеу көлемімен қатар жүргізілуде. Жоба аясында жалпы ұзындығы 2 188 шақырым болатын Ақсу – Жаңа-Семей, Тобыл – Қандыағаш, Қызылжар – Сексеуіл және Шалқар – Бейнеу бағыттарында цифрлық автобұғаттау жүйесін кезең-кезеңімен енгізу басталды.
Сонымен қатар теміржол инфрақұрылымы заманауи микропроцессорлық орталықтандыру жүйесіне көшірілуде. Жаңа-Семей, Шалқар және Бейнеу станцияларында өткен ғасырдың 50-жылдарынан бері пайдаланылып келген релелік жүйелер заманауи микропроцессорлық орталықтандыру жүйесімен алмастырылып, 213 бағыттама бұрмасы жаңартылуда. Сондай-ақ 38 релелік және 64 микропроцессорлық станцияны бірыңғай цифрлық автобұғаттау жүйесіне біріктіру жобасы ерекше маңызға ие. Бұл болашақта пойыздар қозғалысын басқару жүйесін толық цифрландырудың берік негізін қалайды.
Инфрақұрылымды дамыту аясында 27 жаңа жол айрығын, ірі станцияларда 6 қосымша қабылдау-жөнелту паркін, қолданыстағы жол айрықтарында 15 жаңа жол және 32 шақырым екінші жол салу көзделген. Сонымен қатар Алтынкөл, Жаңа-Семей және Сексеуіл станцияларындағы үш сұрыптау жүйесі жаңғыртылуда. Бұл теміржол желісінің өңдеу және өткізу қабілетін едәуір арттыруға мүмкіндік береді. Қозғалысты ұйымдастыру жүйесінде де маңызды өзгерістер жүзеге асырылуда. Жартылай автоматты автобұғаттау жүйесі қолданылатын учаскелердің ұзындығы 55 пайызға қысқарып, 3 973 шақырымнан 1 785 шақырымға дейін азаяды. Бұл – пойыздар қозғалысын басқарудың анағұрлым заманауи технологияларына көшудің нақты көрінісі.
2025 жылғы ең маңызды жобалардың бірі – Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан теміржол вокзалдарын кешенді жаңғырту бағдарламасы болды. Сәуір айынан бастап республика бойынша 125 теміржол вокзалын қайта жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Бағдарлама ірі қалалармен қатар шалғай елді мекендердегі вокзалдарды да қамтып отыр. Осы жобаны іске асыру үшін «ҚТЖ» ҰК» АҚ құрылымында «Вокзалдарды жаңғырту дирекциясы» филиалы құрылып, құрылыс жұмыстарын ұйымдастыру мен үйлестіру міндеті жүктелді. Ал Магистральдық желі дирекциясы өз тарапынан вокзал шаруашылығының үздіксіз жұмысын қамтамасыз етіп, қайта жаңғырту кезеңінде жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын сақтауға жауап береді. Құрылыс жұмыстарының кең ауқымына қарамастан, жолаушыларға қолайлы жағдай жасау үшін уақытша ғимараттар ұйымдастырылып, пойыздарды күтуге және қажетті қызметтерді алуға барлық мүмкіндік қарастырылды.
– Цифрландыру – қазіргі уақыт талабы. Магистральдық желі дирекциясы бұл бағытта қандай нәтижелерге қол жеткізді?
– Өткен жылы цифрландыру және өндірістік процестерді автоматтандыру аясында электрмен жабдықтау шаруашылығына арналған жедел бақылау жүйесі іске қосылды. Бұл жүйе телемеханика құрылғыларының, автотрансформаторлық қоректендіру пункттерінің, жел жылдамдығының, сондай-ақ электр энергиясын коммерциялық есепке алудың автоматтандырылған жүйесінің жұмысын онлайн режимде бақылауға мүмкіндік береді. Мониторинг пен талдау құралдарын дамыту шеңберінде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау, қозғалыс қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы, инфрақұрылымдық жобалар, жолды күрделі жөндеу, технологиялық «толаскездер», жол шаруашылығындағы ескертулер, түйісулер мен қиылыстар, жүк пойыздарының белгіленген қозғалыс жылдамдықтары бойынша сегіз интерактивті дашборд әзірленді. Бұл ақпараттық панельдер өндірістік көрсеткіштерді жан-жақты талдауға, түзету шараларын жедел қабылдауға, жедел есептерді дайындау уақытын қысқартуға және басқарушылық шешімдерді уақытылы қабылдауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жүйеде соңғы бес жылдағы тарихи деректерді салыстырмалы түрде талдау мүмкіндігі қарастырылған. Бұдан бөлек, түйіспесіз темір жолдардың жай-күйін бақылауға арналған автоматтандырылған жүйе тәжірибелік пайдаланудан өтті. Жоба түйіспесіз жолдың техникалық жағдайын бақылау үдерісін автоматтандыруға, рельс тізбектеріндегі температуралық кернеулердің өзгерісін бақылауға және жол шаруашылығы қызметкерлерін өзекті ақпаратпен қамтамасыз етуге бағытталған. 2025 жылдың желтоқсан айынан бастап бұл жүйе Магистральдық желі дирекциясының барлық бөлімшелеріне кезең-кезеңмен енгізілуде. Жобаны толық аяқтау биылғы жылдың қыркүйек айына жоспарланған.
Салалық цифрлық шешімдерді енгізумен қатар Магистральдық желі дирекциясы Huawei Kazakhstan компаниясымен бірлесіп «Зияткерлік операциялық орталық» пилоттық жобасын іске асыруда. Жоба өндірістік және жөндеу жұмыстарының орындалуын нақты уақыт режимінде орталықтандырылған түрде бақылауға арналған. Жүйеде негізгі өндірістік көрсеткіштер, жоспарланған және нақты орындалған жұмыс көлемдері, сондай-ақ есепті кезеңдегі орындалу динамикасы көрсетіледі. Сонымен бірге жұмыстардың барлық кезеңдері жан-жақты сараланып, басым және тәуекелі жоғары бағыттар айқындалған. Интерактивті дашбордтардың көмегімен жоспардан ауытқуларды жедел анықтауға, жұмыстардың орындалу мерзімдерін бақылауға және деректерге негізделген басқарушылық шешімдер қабылдауға мүмкіндік бар.
Цифрлық трансформацияны жүйелі түрде жалғастыру аясында 2026 жылы «ҚТЖ» ҰК ақпараттық жүйелеріне жүргізілген аудит нәтижелері негізінде әзірленген «Активтерді цифрлық басқару» бастамасын іске асыру жоспарланып отыр. Аталған бастаманың негізгі мақсаты – цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект құралдарын пайдалану арқылы өндірістік активтерге техникалық қызмет көрсету және жөндеу жұмыстарын жаңа деңгейге шығару, инфрақұрылымның сенімділігі мен қауіпсіздігін арттыру және соның нәтижесінде ҚТЖ желісінің өткізу қабілетін ұлғайту.
– Магистральдық желі дирекциясының алдына қойып отырған мақсат-міндеттерімен, биылғы жылға жоспарлаған негізгі іс-шараларымен әңгімемізді қорытындыласақ...
– 2026 жылы Магистральдық желі дирекциясы алдында тұрған ауқымды міндеттерді кезең-кезеңімен іске асыру жалғасады. 2029 жылға дейінгі өткізу қабілетін арттыру және 11 мың шақырым темір жолды жөндеу бағдарламалары аясында биыл жеті инфрақұрылымдық жаңғырту жобасын жүзеге асыру және автобұғаттау жүйесін енгізу, сондай-ақ 1 577 шақырым темір жолға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Сонымен қатар сигнализация және байланыс, электрмен жабдықтау шаруашылықтарын дамытуға бағытталған бағдарламалық құжаттарды іске асыру жалғасады. Электрмен жабдықтау шаруашылығын дамыту бағдарламасы шеңберінде бірқатар нысандарға күрделі жөндеу жүргізіліп, жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Ал сигнализация және байланыс шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында СЦБ және байланыс құрылғыларын жаңарту мен техникалық тұрғыдан жетілдіру жұмыстары іске аспақ. Жасанды құрылыстарды, оның ішінде көпірлер мен су өткізу құбырларын жөндеу көлемін ұлғайту қажеттілігі ескеріле отырып, 2026 жылы үш мамандандырылған көпір құрылысы жасағының күшімен магистральдық теміржол желісі бойынша 140 нысанды жөндеу жоспарланып отыр. Осы міндеттерді сапалы орындау үшін 2026-2027 жылдары барлық мамандандырылған көпір құрылысы жасақтарын шағын механикаландыру құралдарымен және арнайы техникамен толық жабдықтау көзделген. Бұл өз кезегінде, күрделі жөндеу жұмыстарын мердігер ұйымдарды тартпай-ақ өз күшімізбен орындауға мүмкіндік береді. Жобалау-конструкторлық бюро құрылғанын білесіздер. Енді инфрақұрылым нысандарын салу, жаңғырту және теміржолды күрделі жөндеу бойынша жобалық құжаттамалардың негізгі бөлігін осы филиалдың күшімен әзірлеу жоспарланып отыр.
Бүгінде инженерлік-геодезиялық іздестіру жұмыстары QazTRF бірыңғай координаттар жүйесінде жұмыс істейтін GPS спутниктік жабдықтарының көмегімен жүргізілуде. Сонымен қатар BMI International холдингі және Anhalt университетімен бірлесіп Іле өзені арқылы өтетін ірі теміржол көпірінің жай-күйін автоматтандырылған мониторинг жүйесі арқылы бақылау жобасы басталды. Бұл көпірді күтіп ұстау мен жөндеу бойынша шешімдерді уақытылы қабылдауға мүмкіндік береді. Қызметкерлер үшін қауіпсіз әрі қолайлы еңбек жағдайларын қалыптастыру бағытында биыл да санитарлық-тұрмыстық жағдайларды жақсарту бағдарламасы жалғасады. Оның аясында өндірістік және әкімшілік ғимараттарды, асхана және демалыс бөлмелерін, санитарлық-тұрмыстық нысандарды жөндеу, жылыту жүйелерін жаңарту, қызметтік автокөлікпен және жұмыс орнына жеткізуге арналған арнайы мототехникамен қамтамасыз ету көзделген. Биыл Қарағанды станциясындағы жұп бағыттағы сұрыптау дөңесін жаңғырту жобасы белсенді кезеңге өтеді.
Сонымен қатар Астана теміржол торабының заманауи басқару орталығын салу жоспарланып отыр. Өндірістік міндеттермен қатар, қызметкерлерді қолдауға және корпоративтік құндылықтарды нығайтуға бағытталған әлеуметтік бастамаларды дамытуға ерекше назар аударылуда. Мысалы, Магистральдық желі дирекциясы алғаш рет қолға алған «Жылы жүрекпен» әлеуметтік жобасын алайық. Жобаның ерекшелігі – қызметкерлер мен олардың отбасыларына қолдау көрсетудің жүйелі моделінің қалыптастырылуы. Бұл бір реттік акция емес, моральдық, ақпараттық және дамытуға бағытталған көмекті біріктіретін кешенді әлеуметтік алаң. Жоба әрбір қызметкерге кеңес алуға, қажетті ақпаратқа қол жеткізуге және түрлі әлеуметтік бастамаларға қатысуға мүмкіндік беретін өзара қолдау ортасын қалыптастыруға бағытталған. Жобаның негізгі міндеттері қатарында құқықтық және консультациялық көмек көрсету, өзара қолдау қоғамдастығын дамыту, қызметкерлердің құқықтық және әлеуметтік сауаттылығын арттыру, сондай-ақ серіктестер мен еріктілерді әлеуметтік жобаларға тарту көзделген. Жоба Қазақстан Республикасы заң консультанттарының республикалық алқасының, «Sa’bi Health» балаларды оңалту орталығының және «Bolashak Charity» қоғамдық қорының қолдауымен жүзеге асырылуда. Барлық серіктестермен ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Бұл құжаттар әлеуметтік бастамаларды жүйелі түрде іске асырудың берік негізін қалыптастырды.