Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей
Нормалық сағат артуда
Оқуға 2 мин
Семей локомотив пайдалану депосы жылды жоғары көрсеткіштермен бастады. Солардың арасында сағаттық норманың артқанын айрықша атап өтуге болады.
Өткен күз айларында күрт жиілене бастаған жүк пойыздары саны қазіргі күні тіптен жоғарылаған. Осы себепті, локомотив бригадалары үшін қауырт маусым басталып отыр. Осыған дейін қозғалыстағы пойыздар санының тым аз болуынан баз бір машинистер ақысыз еңбек демалысына шығуға мәжбүр болған кездер де орын алған еді. Бұл әсіресе жүк тасымалы саябырлаған өткен жазда айқын байқалған болатын. Ал қазіргі жағдай мүлдем басқаша. Арғысы Орта Азия, Қытай мен Ресейден ағылатын транзиттік пойыздар саны жиіледі. Бұған қоса, Республика бойынша әлеуетті компанияға айналған «Қаражыра Ltd» ЖШС-ның толық қуатына енуі де зор ықпал етуде. Биылдан бастап қатты отын өндіруді 8 млн. тоннаға арттыруды межелеген алпауыт компания көмір тасымалы бойынша тапсырысты да еселеді. Бұл ретте, бөлімше бойынша локомотив паркін үнемдеп, экономикалық кірісті еселеуге де баса ден қойылуда. Бұған қоса, Дегелең-Семей, Семей-Аягөз-Ақтоғай аралығы бойынша тасымалданатын жүк салмағының нормасы да арттырылуда.
Қазіргі таңда барлық локомотив бригадалары қызметтік сағаттарын толықтай орындауда. Әсіресе, екінші сыныпты Дегелең мен Локоть станцияларындағы ауысыммен еңбек ететін локомотившілер үшін нағыз жауапты мезгіл туды. Яғни, бүгінде барлық бригадалар еңбек барысында 160 сағаттық толық ставкаға көшкен.