Әсел ТАҢАТАРОВА, Маңғыстау
Жүлделі орыннан көрінді
Оқуға 1 мин
Маңғыстау облысы ардагерлерінің бастауыш ұйымдары арасында өткен байқауға тоғыз ұйым қатысып, Мұнайлы ауданы теміржол бастауыш ұйымы жүлделі үшінші орынға ие болды.
Бастауыш ұйымдардың қоғамдағы рөлін арттыруға, олардағы ардагерлік жұмыстың жаңа тиімді жолдарын анықтап, тәжірибесін басқа ұйымдарға таныстыру, тарату мақсаттарын көздейтін байқауға облыс бойынша 9 бастауыш ұйым қатысып, Мұнайлы ауданы теміржол бастауыш ұйымының төрағасы, көп жылдар темір жол саласында жемісті еңбек еткен ардагер теміржолшы Амандық Алдаберген жүлделі 3 орынға ие болды. Жеңімпаздар Ақтау қаласында өткен марапаттау рәсіміне шақырылып, арнайы мақтау қағаздармен, «Тәуелсіздіктің 25 аса маңызды оқиғалары», «Маңғыстау экологиялық туризмнің 25 кереметі» атты құнды кітаптармен марапатталды.
Маңғыстау темір жол бөлімшесінің бастауыш ұйымы 2008 жылдан бастап жұмыс жасап келеді. Ұйым мүшелері Мұнайлы аудандық ардагерлер кеңесінің іс-жоспарын басшылыққа ала отырып, темір жол бөлімшесінің зейнеткер ардагерлерге арналған әлеуметтік іс-шаралары мен жастарға тәрбиелік мәні бар шараларына, қоғамдық жұмыстарына белсенді ат салысып келеді.