Райхан РАХМЕТОВА
Вокзалдар тексеру жүйесіне көшеді
Оқуға 2 мин
Қазақстанның темір жол вокзалдарына жолаушылар мен олардың жүктерін арнайы тексеруден өткізетін жүйе енгізілмек. Еліміздің 16 вокзалында мұндай жүйе биыл 1 ақпаннан бастап іске қосылады.
Тексеру процедурасы жолаушылардың қауіпсіздігін нығайту және террористік әрекеттерге байланысты азаматтардың қорғалуын қамтамасыз ету мақсатында вокзалдарға кезең-кезеңмен енгізіледі.
–Ақпан айынан бастап Алматы-1 мен Алматы-2, 1 сәуірде Астана вокзалында, ал қалған 13 теміржол вокзалына 1 маусымда ұйымдастырылады. Осыған байланысты 56 тексеру жабдықтар кешені сатып алынды, - деді ҚТЖ» ҰК» АҚ магистральдік желі дирекциясының вокзал шаруашылығы Департаментінің директоры Жұбан Көрпебаев.
Оның айтуынша, бұл жағдайда тексерістен өтіп, пойызға кешікпеулері үшін жолаушылар вокзалдарға ертерек келулері қажет.
Жолаушылар мен олардың жүктерін тексеру құрылғылары вокзалдың екі жақты кіре беріс есіктері тұсына қойылады. Бұл жолаушылар үшін еш қолайсыздық тудырмайды. Тек елде «Сары белдеу» жарияланған сәттен бастап вокзалдан өткен жолаушыларға тексеру күшейтіледі. Ал басқа уақыттары тексеру қызметін жүзеге асыратын әскерилендірілген теміржол күзетшілері тек қауіпті көрінген адамдарды ғана арнайы құрылғылармен жіті тексеріп, қалған халық емін-еркін кіре береді. Жүктері рентген құрылғы астынан өткізіледі. Тексеру жүйелері жолаушылардың кіріп-шығуына еш кедергі келтірмейді, дейді департамент мамандары.
Жаңа жүйе енгізілетін 16 темір жол вокзалы – еліміздің шекаралық нүктелеріндегі және облыс орталықтарындағы станциялардың вокзалдары болып табылады.