Аягөздік теміржолшылар жылды қауіпсіздік шараларын күшейтумен бастады. Шаһар ішін көктей өтетін желі бойында аталмыш бағыттағы шаралар жіті бақылауға алынған.  Әсіресе маневрлік пойыздар қозғалысының жиілігі аса жоғары станция басында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қазіргі күні Аягөз теміржолы вокзалының аумағы, аспалы көпір маңайы толықтай дерлік Әскерилендірілген күзет пен желілік полиция қызметкерлерінің назарына алынған. Себебі, рұқсат етілмеген жерден кесіп өтетін жұрт осы аумақтың бірнеше жерін күнделікті қатынайтын соқпаққа айналдырған. Ал бұл жайт қозғалыс қауіпсіздігіне нұқсан келтіретіні белгілі. –Желі бойының жүргіншілері жиі кесіп өтетін тұстарына арнайы ескерту белгілерін қойып, ескіргендерін жаңаладық. Сонымен қатар, арнайы аншлагтар ілініп, қажет деп танылған тұстарға қоршаулар да қойылды. Осы шаралардың аясында станция басындағы күзет шаралары да күшейтілді. Бүгінгі күні станция аумағы бұрын-соңды болмаған күшейтілген тәртіпке енгізілді, – дейді Аягөз станциясы бастығының шұғыл жұмыстар жөніндегі орынбасары Нұржан Жақанов. Сонымен қатар, еңбек қауіпсіздігін сақтау мақсатында жылыну бекеттері мен бақылау постыларындағы көрнекі ескертпелер толықтай жаңартылыпты. Қазіргі күні ұзындығы бірнеше шақырымға созылып жатқан станциялық жолдардың бойынан тәртіп сақшыларының ысқырығын жиі естуге болады.

Қуан ЕРТІС, Аягөз