«...Атырауда екі кәсіп иелеріне құрмет жоғары. Оның бірі – мұнайшы, бірі – теміржолшы» - дейді Атырау жүк тасымалы бөлімшесінің қызметкері Ахмет Дүйсембаев.
Мектеп бітірген соң Ақтөбедегі Көлік және коммуникация, жаңа технологиялар колледжіне түсіп, жылжымалы құрам мамандығы бойынша білім алып шыққан Ахметтің дәл осы оқу орнын таңдауынының бір себебі ата- анасының темір жол саласында еңбек ететіндігі болса керек. Оқу орнында өмірлік жарын кездестіріп, Гүлзира екеуі құрған шаңырақта Айкөркем атты бүлдіршін дүниеге келіп, атасы Азиз бен әжесі Гүлнардың көз қуанышына айналды. Бүгінде Гүлзира «Атырау теміржол жылу» ЖШС мекемесінде насос стансасының машинисі, өзі станция кезекшісінің жанындағы оператор лауазымына жоғарылады. Енді ол құжаттармен айналысып, жауапты қызметтерді атқаруда. Ағасының ізімен өзінен кейінгі қос бауыры да теміржолшы болуды мақсат тұтыпты. Інісі Алмаз Ақтөбедегі темір жол колледжінде, қарындасы Айгерім Алматыдағы жоғары темір жол оқу ордасында білім алуда. Бұл екеуі биыл диплом алып, маман атанбақ.
–Темір жолдың қай саласы болсын жұмысы қауіп-қатер мен тәуекелмен байланысты. Сондықтан мұнда тұрақсыз, жеңіл мінезді жандар шыдай алмай, түптің түбінде тек жігіттің жігіті, әйел затының да төзімді де батылдары іріктеліп қалатын сияқты, - дейді теміржолшылар аулына қоныстанғалы небәрі бес жылдай ғана уақыт өтсе де осы кәсіп иелерін жоғары құрмет тұтатын жігіт.
Гүлфайруз ДҮЙСЕНҒАЛИҚЫЗЫ,
Атырау