Нұрай СӘРСЕНҒАЛИ
Инвестициялық платформа құрмақ
Оқуға 2 мин
Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері инфрақұрылымдық және өзге де жобаларды бірлесіп қаржыландыру үшін жақын арада өзара инвестициялық платформа құрмақ.
Бұл туралы 17 қаңтарда ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин мен БАӘ Президент ісі жөніндегі министрі және вице-министрі шейх Мансур бен Заид Аль Нахаян шейхпен арада жүргізілген келіссөз кезінде мәлім болды. Келіссөзге Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 15-16 қаңтардағы Араб елдері әмірлігіне ресми сапары кезінде қол жеткізілді.
Жиында тараптар энергетика, мұнайхимия, атом өнеркәсібі, көлік және логистика, әскери-техникалық салалардағы ортақ жобаларды дамытуға дайын екендерін жеткізді. «Бәйтерек» холдингі мен «Mubadala Development Company PJSC» Қазақстан аумағы мен өзге көрші елдердің басым нарықтарындағы инфрақұрылымдық және өзге де жобаларды бірлесіп қаржыландыру үшін жақын арада өзара инвестициялық платформа құруға келісті.
Екі елдің энергетика министрліктері Қазақстанда мұнай газ химия кешені құрылысының жобасына тараптардың қатысу мүмкіндігін талқылады.«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы мен «Etihad Rail» ұлттық теміржол компаниясы БАӘ мен үшінші елдерде бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру мәселелерін қарастырды. БАӘ атом энергиясы жөніндегі корпорациясы «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК»-мен ядролық энергияны бейбіт түрде пайдалану саласында екі жақты қарым-қатынасты дамытуға ниет білдірді. Кездесуге Қазақстан тарапынан «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Қ. Алпысбаев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Е. Досаев, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ басқарма төрағасы А. Жұмағалиев, Энергетика министрі Қ. Бозымбаев, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б. Атамқұлов, тағы басқа жауапты тұлғалар қатысты.