Арсен Байзақ, Жамбыл
Жолаушылар тарапынан шағым жоқ
Оқуға 1 мин
Жамбыл теміржол вокзалында еңбек ететін отыздан астам адам жолаушы тасымалы қызметіне жұмылған.
Вокзал бастығы Талғат Тлеубековтің айтуынша, бұл жерден күнделікті орта есеппен 23-24 жұп пойыз өтеді. Жолаушылардың діттеген жеріне алаңсыз жетуіне барынша мүмкіндік жасап отырған ұжым жұмысына шағым жоқ.
-Ғимаратымыз күрделі жөндеуден өткен, жолаушылар үшін барлық жағдай жасалған. Сонымен қатар вокзалдағы қауіпсіздік шаралары да жүйелі жолға қойылған. Қазір вокзал аумағында 18 бейнебақылау бар. Вокзал ғимаратының ішінде сегіз камера, бекет аумағында он камера. Үш монитор арқылы бақыланады. Өзіңіз білесіз, бүгінгі күні қауіпсіздік шараларын қатайту мақсатында вокзалдарда бақылау-анықтау құрылғылары орнатылмақ. Бұл шаралар Астана қаласында өтетін «ЭСПО-2017» халықаралық көрмесіне орай алдымен Астана, Алматы сынды ірі қалаларда, соңынан аймақтарға орнатылатын болады. Жалпы, осы халықаралық көрмеге дайындық бойынша жергілікті әкімдікпен бірлескен жұмыстарды қолға алдық. Вокзалдың қалаға шығатын алаңында көліктерді қою тәртібі бойынша жергілікті полициямен бірлесе арнайы белгілер қойылды. Вокзал ішіндегі үш мемлекеттік касса және жекеменшік компанияларға жалға берілген кассалар, перонда орналасқан сауда нүктелерімен де арнайы келісімдер жасалып отыр, - дейді Алматы магистральді желі бөлімшесіне қарасты Жамбыл вокзалының бастығы Талғат Тлеубеков.