Қуаныш ҚОЖАЕВ, Семей
Қолданыста – тың тәсілдер
Оқуға 2 мин
Жол бойындағы станциялар мен жол айрықтарында қызмет ететін сала мамандарының шеберліктерін шыңдауда Семей жүк тасымалдау бөлімшесіндегі өндірістік-техникалық бөлімнің ықпалы мол.
Аталған бөлімде еңбек ететін мамандар техникалық дәрістердің тиімділігін арттыру мақсатында әдістемелік тәжірибе қалыптастырып, тың тәсілдерді қолданысқа енгізген. Бүгінде бөлімшедегі техникалық сабақтар жаңашыл үрдіспен өткізіліп жүр. Осыған дейін қолданылып келген ойын түріндегі танымдық дәрістер мен сайыс сабақтар жетілдірілген. Мәселен, Семей станциясының дәріскерлері кубизм стратегиясы мен сыни ойлау тәсілдерін қолданса, Семей вагон пайдалану депосы мен локомотив шаруашылығында негізінен командалық жарыстар ұйымдастырыла бастады. Бөлімшенің өндірістік-техникалық бөлімінің өндірістік-оқыту нұсқаушылары дәрістерге жыл сайын тың әдістемелер енгізеді. Мысалы, биылдан бастап, ойын түрінде ұйымдастырылатын шаралар барысында «ыстық орындық», «миға шабуыл» сынды тәсілдер қолданылмақ.
Қазіргі күні өндірістік-техникалық бөлімнің техникалық нұсқаушылары әдістемелік жұмыстарды жүйелеп пысықтап жатыр, тың әдістемелер қазіргі күннің өзінде қолданысқа енгізілген. Атап айтсақ, жуырда Семей станциясындағы техникалық күтім бекетінде өткізілген семинар барысында аталмыш мәселе жан-жақты талқыға түсті. Техникалық дәріскерлер сонымен қатар теміржолшылардың тек аудиторияда ғана белсенділік танытып қоймай, жұмыстан тыс уақыттарда да іздене білу қасиеттерін қалыптастыру қажет деген пікір төңірегінде ой өрбітті. Бұл шаралар енді желі бойында жалғасады. Атап айтсақ, қалыптасқан қызметтік дағды бойынша, алыс-жақын станциялардағы теміржолшылардың білім-біліктерін пысықтап, емтихан алып, кәсібилікті ұштауда жаңа бағыт қолданылмақ.