Ирина БЕКТИЯРОВА
Екі бірдей жолаушы пойызы шығады
Оқуға 1 мин
Биылғы жылы Алтынкөл – Қорғас шекаралық теміржол өткелі арқылы Қазақстан мен Қытай арасына екі халықаралық жолаушылар пойызы жүре бастамақ.
Бұл жөнінде шекаралық теміржолдардың жұмыс кеңесінде жан-жақты сөз болды.
–Астана – Алтынкөл қатынасындағы халықаралық жолаушылар пойызын қазақстандықтар жасақтаса, Үрімші – Алтынкөл – Алматы қатынасындағы пойызды қытайлықтар құрастырып, Қорғас станциясында дөңгелектері тар табаннан кең табанға және керісінше ауыстырылатын болады, – деді Алтынкөл станциясының бастығы Жандос Ұнтақбаев.
Кездесуге қатысушылар наурыздың алғашқы онкүндігінде Қытай вагондарынан құралған алғашқы құрамды Алтынкөлден Алматыға дейін сынақ ретінде жіберуді келісті, ал сәуірдің басында Үрімші – Алматы халықаралық жолаушылар пойызы тұрақты жүре бастамақ. Қазақстандық «Тальго» вагондарынан жасақталатын Астана – Үрімші пойызы мамыр айында жіберіледі. Ал ақпан айының өзінде жаңа бағдардағы пойыздардың кестесі жасақталады деп күтілуде.