«Нұр Отан» партиясы Мұнайлы аудандық филиалының Маңғыстау теміржолы бастауыш партия ұйымының қызметкерлері мен топ жетекшілері бірлесе отырып, 2017 жылғы атқаратын жұмыс жоспарын талқылап, бекітті. Олар партияның «Кедергісіз келешек», «Ардагерлерді ардақтайық!», «Бақытты отбасы», «Бақытты балалық шақ», «Біздің ауыл», «Ұлы дала» аталатын жобалары аясында рет-ретімен жұмыс тәртібін жүргізбек.  ─ Енді жыл бойы осы іс-шаралардың атқарылуына қызмет етеміз, – деді ұйым төрағасы Болат Дүйсеалиев. Жобалар шеңберінде ұйым мүшелері мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсету, зейнеткерлермен жұмыс, оларды түрлі жиындарға қатыстыру, мерейлі жасқа толғандарды құттықтау, жетім-жесір мен мүгедек баласы бар отбасыға қолұшын созу, жас теміржолшылар жанұясының материалдық жағдайын нығайтуға жәрдемдесу, теміржол аймағының тазалығын сақтау, сенбіліктер ұйымдастыру, теміржолшылардың спортқа деген құлшыныстарын нығайту мақсатында бөлімшенің фитнес залын снарядтармен жабдықтау сияқты игілікті әрі сауапты істермен айналыспақ.

Әсел ТАҢАТАРОВА,

Маңғыстау