Бекбол Құлдан, Ақтөбе
Екі есе көп енгізілген
Оқуға 1 мин
Ақтөбеліктер өнертапқыштықтан алдарына жан салмайды деуге болады. Аймақ теміржолшыларының кейбір жобаларын тіпті ресейліктер де сатып алған көрінеді.
Өткен жылы Ақтөбе жүк тасымалы бөлімшесі бойынша 108 рационализатор 122 жоба ұсынды.
– Іс жүзінде экономикалық тиімділік 7 миллиард теңгеден асып кетті, –деп хабарлайды Ғылыми-техникалық ақпарат орталығының жетекшісі Майра Өмірзақова.
Оның айтуынша, 119 жобаны департаменттер мен қаржылық қызмет мақұлдапты. Авторларға 3,2 миллион теңге көлемінде сыйақы төленген. Рационализаторлық ұсыныстарды енгізуге көмектескен қызметкерлерге 369 миллион теңге төленді.
– Ғылыми-техникалық ақпараттар бойынша 35 техникалық жаңашылдық енгізіледі деп жоспарланғанымен, іс жүзінде 61 жаңашылдық енгізілді, екі есе көп деген сөз. Экономикалық тиімділік 570 мың теңгеден асады. 57 техникалық жаңашылдық көбейтіліп таратылды, – дейді орталық жетекшісі.
Ғылыми-техникалық ақпарат орталығының мәліметі бойынша баспаға 13 ақпараттық парақ дайындалып, 22 тақырыптық жинақ әзірленген және 45 ақпарат күні ұйымдастырылыпты.