«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшысы Қанат Алпысбаев кеше Ұлан-Батырда өткен көлік саласындағы серіктестікті дамыту турасында өткен кездесу барысында Моңғолия көлік және жолды дамыту министрі Дангаа Ганбатпен кездесіп, Қазақстанның көлік-логистикалық кешені саласын дамытудағы жетістіктері мен халықаралық көлік желісіне кіру мақсатындағы транзиттік әлеуеті туралы баяндады.
Қ. Алпысбаев компания жүзеге асырып жатқан ірі инфрақұрылымдық және темір жол көлігі саласын дамыту жобалары туралы әңгімелеп, қазақстандық тараптың моңғол теміржолымен серіктестікті дамытуға мүдделі екендігін жеткізді. «Ұлан-Батыр темір жолы» АҚ бастығы Дамдинсурэн Жигжиднямаамен кездесуде қазақстандық тараптың магистральдық тепловоздар, жүк вагондары, рельстер, бағыттауыш бұрмалары және басқа да темір жол өнімдерін Моңғолияға жеткізу жайы қарастырылды. Кездесу соңында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ мен «Ұлан-Батыр темір жолы» АҚ арасында теміржол көлігі машинасын жасау саласындағы серіктестікті дамыту бойынша Меморандумға қол қойылды.Ұлан ОРАЗ