Әсел ТАҢАТАРОВА, Маңғыстау
БАЛАЛАРҒА ОЙЫНШЫҚ сыйлады
Оқуға 1 мин
Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесінің теміржолшылары «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Әлеуметтік жобалар қоры» корпоративтік қорының мұрындық болуымен аудандағы бірқатар балабақшаларға барып, бүлдіршіндерге қуаныш сыйлады.
Маңғыстау теміржолының бас ревизоры Болат Дүйсеалиев, бөлімшенің персоналды басқару бөлімінің бастығы Екпін Қожахметов және кәсіподақ комитетінің төрағасы Әзірбай Тұрмағанбетов Маңғыстау селосындағы №5 орта мектептің жанында орналасқан «Күншуақ» шағын орталығының, Басқұдық ауылындағы «Өркен» балабақшасының тәрбиеленушілеріне түрлі жұмсақ ойыншықтар үлестірді. Сәбилер, ортаңғы және ересектер топтарындағы 3-5 жастағы балалар тегін таратылған ойыншықтарды қызықтап, қайырымды да мейірімді ағалардың сыйлығына мәз-мейрам болды.
Балабақшаларда концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, ән мен биден шашу шашылды. Кішкентай балғындар хормен «Анашым» әнін орындап, «Қамшы» биін билеп, өз өнерлерімен қонақтарды қуантты.
Өз кезегінде «Күншуақ» балабақшасының меңгерушісі Анар Бақытқызы, №5 орта мектеп директоры Жамал Бөкен, «Өркен» балабақшасының меңгерушісі Таңсұлу Кенжебаева, №9 мектеп директоры Гүлжан Асамадинова теміржолшыларға игі шаралары үшін алғыстарын айтып, мектепке дейінгі білім беру ұйымдарында теміржолшылардың ұл-қыздары да тәрбиеленіп жатқанын тілге тиек етіп, бүлдіршіндерге қамсыз балалық сыйлау – әрбіріміздің борышымыз деп түсінетін, қашан да қайырымды іс-шараның алдыңғы қатарынан табылатын теміржолшыларға алғысын білдірді.