Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда
Сынақ – біліктілік кепілі
Оқуға 2 мин
Қызылорда локомотив пайдалану депосы тепловоз машинистері локомотив шаруашылығы әкімшілігі мен депо басшылығы белгілеген дәстүрлі сынақ алу шараларынан өтуде.
Жылжымалы құрамдарды жүргізетін машинистер бригадаларының жұмысқа дайындығын үнемі назарда ұстайтын депо басшылығы жылдың алғашқы айында 441 тепловоз машинистері мен олардың көмекшілерін сынақтан өткізіп үлгеріпті. Олардың 148-і жолаушы құрамдарын тасымалдайтын тепловоз машинистері екен.
Астанадан жеткен ГП/12222-Ш және ГП/13244-Ш факсограммаларына сәйкес жолаушылар мен жүк құрамдарын тасымалдайтын тепловоз машинистері мен машинист көмекшілерін сынақ алу жұмыстарына кіріспес бұрын оларға 29 рет арнайы техникалық даярлық курстары ұйымдастырылып, онда 665-ЦЗ, 748-АОТ, ЦТ/637-11 бұйрықтары қайта түсіндіріліп және де қосымша техникалық мәліметтер жайлы сабақ өтіліпті. Депо басшысының пайдалану жөніндегі орынбасары Ізбасқан Сүйінов, кадр бөлімі басшысы Шарида Әбдіреева, қауіпсіздік ревизоры Ғани Бейсебаев, кәсіподақ төрағасы Еркін Асанханов және нұсқаушы Мақсуд Сейітовтерден құрылған арнайы комиссияның жіті бақылауымен техникалық кабинетте өткізіліп жатқан сынақ процесінің барысына куә болған біздер сынақ талабының ең басты ұстанымы тепловоз машинистерінің дайындығын арттыру, олардың кез-келген тығырықтан шығар жол таба білуін пысықтау, жалпы жылжымалы құрамдардың қозғалыс қауіпсіздігін сақтау талаптарын мүлтіксіз орындауға дайындығын тексеру екенін аңғардық.
– Еңбек демалысындағылар, білім жетілдіру курсында жүргендер, іс-сапарға шыққан және де белгілі себептермен жұмыс орнында бола алмаған 98 адам сынаққа әлі қатысқан жоқ. Іс-сапардан оралатын 40 адам, еңбекке уақытша жарамсыз 20 адам, оқуға жіберілген 1 машинист көмекшісі секілді жандар жұмысқа қосылған уақыттан бастап міндетті сынақты тапсырып, жұмыс жасау рұқсатын алатын болады, – дейді Мақсуд Сейітов.