Сабырхан СЕЙІЛБЕКҰЛЫ, Қызылорда
Теріскей мен Сырды жалғайды
Оқуға 1 мин
Ағымдағы жылдың ақпан айының бірінші жұлдызынан бастап «Қызылорда – Петропавл» бағытында жолаушылар пойызы қатынай бастайды.
Еліміздің солтүстік шекарасындағы облыс орталығы мен Сырдың бас қаласы арасын жалғастыратын жүрдек пойыз Қызылорда вокзалынан түнгі 23:13 сағатта қозғалып 42 сағат 17 минут ішінде мыңдаған шақырым жолды жүріп өтіп, Петропавл қаласына 14:30 сағатта жетеді. Петропавлдан тақ күні 16:00 сағатта жолға шығатын жолаушы құрамы 45 сағат 13 минутты жолда өткізіп, Қызылорда вокзалына 16:13 сағатта келіп жетеді. Сыр бойынан теріскейге аттанатын жаңа бағыттағы жолаушылар пойызы облыстың оңтүстік бағытымен Шиелі, Жаңақорған арқылы Түркістан, Арыс бекеттерінен ары қарай қалыптасқан бағытпен Астана, Көкшетау қалаларына аялдап, Петропавлға жетеді.
– Бұған дейін алғаш рет «Қызылорда – Астана», соңғы бір ай көлемінде «Қызылорда – Көкшетау» бағытында қатынаған №75-76 жолаушы пойызы ақпан айынан бастап жаңа бағытта жүргізілетін болды. Пойыз қозғалысын ұйымдастырушы «Арлан-Транс-Астана» мекемесі. Он вагоннан құралған жаңа бағыт жеті плацкарт және үш купе вагондардан жасақталған,– дейді жаңа бағыт жөнінде мәлімдеген «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Батыс» аймақтық филиалының жолаушылар пойыздарына орын бөлу және сараптау бюросы басшысы Жеміс Ғазизова.