Араға бес жылға жуық уақыт салып, «ӘТЖК» АҚ Семей филиалы қайтадан ашылды. Осыған дейін желі бойын күзететін жергілікті күзетшілер үшін орталық  Защита станциясында болды. «Бұл өте дұрыс шешім болды» дейді әскерилендірілген теміржол күзетінің жігіттері. Себебі, Шығыс Қазақстан бөлімшесі тұйық желімен шектелсе, Семей жүк тасымалдау бөлімшесі, оның ішінде Семей қаласында төрт бағытта жылжымалы құрамдар қабылданып-жөнелтіледі.  –Семей өңірі бойынша күзетілетін жүк те, теміржол нысандары да көп. Төрт бағытта жылжымалы құрамдарды қабылдайды. Оның үстіне шекаралық аймақ. Тасымалданатын жүктерді алып жүру мен күзетуде де күш көп жұмсалады. Желі бойындағы бекеттер де көп. Филиал орталығының қаламыздан қайта ашылуы жұмыс барысына айтарлықтай серпін береді деп сенеміз, – дейді мекеменің жаңадан тағайындалған басшысы, «Құрметті теміржолшы» Асхат Искаков. Семейдің теміржол күзетінің тарихы 1944 жылдан басталады екен. Сондықтан да, дербес филиалдың қалпына келтірілуі тарихи тұрғыдан да әділ шешім саналады. Әйтседе, бір себептермен 2012 жылы жабылған болатын. Алайда, тәжірибе көрсеткендей, жұмыстың басым бөлігі Семей өңірінде қауырт болған. Семейлік  мамандар саны да Защитамен  салыстырғанда 125 адамға көп екен. Енді міне, филиал орталығы жұмыстың қайнап жатқан қызу ортасына қайта оралды. Айта кетсек, «ӘТЖК» АҚ Семей филиалы тек соңғы жылдары ғана бес бірдей «Құрметті теміржолшы» шыққан кәсіби мамандар ұстаханасы саналады. Мұндай озық көрсеткіш республикамыздың өзге бірде-бір өңірінде жоқ екен.

Қуаныш Қожаев, Семей