Қуаныш Қожаев, Аякөз
Қауіпсіздік талаптары қадағалануда
Оқуға 1 мин
«Теміржолсу – Аягөз» ЖШС өткен жылды нәтижелі қорытындылады. Жыл үлесіндегі жоспарлы шаралар, межелі міндеттер толығымен еңсерілді.
Бұл ретте желі бойын сумен қамтамасыз ету, нысандарды қайта жаңғырту, ауыз су сапасын қадағалап жақсарту бойынша ауыз толтырып айтарлықтай ілкімді жұмыстар жасалынды. Негізінен Семей – Қарақұм (Ақтоғай станциясының күнгей алабы) теліміне қызмет көрсететін мекеме биыл да жыл басталысымен атқарылатын шараларды жүйелеп, пысықтауда. Мекеме қарамағындағы ескірген, тозығы жеткен су құбырлары мен сусорғыларды қайта жаңалау, бәзбір жол айрықтарына жаңадан су модульдерін орнатумен қатар қызметінің мінсіздігін қамтамасыз етеді.
–Өткен жылы Жүзағаш – Аякөз телімі аралығындағы су беру нысандарының бірқатарын қайта жаңғыртып, талапқа сай еткенбіз. Осы орайда, биылғы жылғы меже бойынша Аякөз – Жарма аралығында қауырт жұмыс жүргізу көзделуде. Қазіргі таңда атқарылатын шаралар реті пысықталып, жылдық жоспарға енгізіліп жатыр. Күн жылынып, жердің тоңы жібісімен бірден жұмысқа кірісеміз. Ал бүгінгі күндері желі бойындағы сумен қамту нысандарының қыс мезгіліндегі қызметі қадағаланып, қауіпсіздік талаптары, апаттық жайттардың алдын алу назарда ұсталуда, – дейді «Теміржолсу-Аякөз ЖШС-ның Жүзағаш – Делбегетей бойынша телім бастығы, сумен жабдықтау бөлімінің шебері Дархан Мұхаметқалиев.