Жолсерік Салтанат Кемалова жиырма жылдан бері жол үстінде өтіп келе жатқан өміріне еш өкінген емес. Әу бастағы мамандығы экономист болса да, заман ағымына орай тоқсаныншы жылдардың соңында сол кезде тұрақты жұмысы мен жалақысы бар темір жол саласына бет бұрған. Бәрі кездейсоқ басталды. Бірде теледидардан жүгіртпе жол арқылы «Жұмысқа жолсеріктер қабылдаймыз» деген хабарламаны оқып аталған мекен-жайға хабарласады. Ондағылар оны бір ай үйренуші есебінде, одан толықтай жұмысқа қабылдайды. Содан бері, 20 жылға жуық уақыт өтіпті, Салтанат Кемалова ешқайда ауыспастан, осы мамандыққа біржолата сіңісіп кетті. Содан бері жолсеріктің Маңғыстаудан Астраханьға қатынаған әр сапарын есептесе, мыңдаған шақырымдарды артта тастайтыны анық. 5 күн жұмыс істеп, 5 күн демалады. Жұмысына үйренгені сонша, вагонда өзін үй иесі де, жолаушыларды қонағындай қабылдайды. Жол бойы жолаушылармен танысып, әңгіме-дүкен құрып, неше түрлі тағдыр талайларға да тап келеді. Алдымен вагонды қабылдап алып, жолаушыларға төсек жабдығын таратады. Су-шайының қайнап тұруына жағдай жасап, тазалық істеріне де үлгереді. «Жұмысқа тұрған алғашқы жылдары қиын жылдар болатын, халық көп, билет жоқ, вагондар тапшы» деп еске алады жолсерік. ─ Бүгінде оның бірі жоқ, пойызда не керектің бәрі бар. Пойызға билетсіз ешкім мінбейді, билетті үйде отырып ақ таңдап ала бер. «Жүгімді алып кетші», деп жанталасатындар да көрінбейді. Өйткені, арнайы жүк вагондары қарастырылған. Ал анау тальго сынды жүрдек пойыздар мен фирмалық пойыздарда тіпті керемет, жолаушылар ұшақтағыдан бір кем емес,- деп тамсанады апай. Салтанат Кемалова жақын арада зейнетке шықпақшы. Бұйыртса, ендігі өмірін бала-шағасының ортасында немерелер тәрбиесіне жұмсамақ.