Асқар АҚТІЛЕУ, Ақтөбе
Жастар жетекшісі – жаңа станцияның кезекшісі
Оқуға 2 мин
Ақтөбе жүк тасымалы бөлімшесі жанынан жастар ісі жөніндегі кеңес құрылып, оған төраға болып жиырма екі жастағы Руслан Жұмағалиев тағайындалды. Жас теміржолшы пайдалануға берілгеніне көп бола қоймаған Шалқар – Бейнеу теміржол тармағының бойындағы Тассай станциясының кезекшісі болып қызмет етеді.
Русланның ойынша, жастардың өз үні бар. Ұлттық компания жанында жүзеге асырылып жатқан жастар саясатының басымдықтарын пайдаланып, көп істерді тындыруға болады.
–Бүгінде теміржол бойында жастар аз емес. Олардың қатарында талантты, жаңашылдыққа жаны құмар жандар да бар. Ұлттық компанияның дамуына өзіндік үлесін қосып жүрген замандастарымыз бар, – дейді кеңес төрағасы.
Русланның ата-анасы, отбасы Ақтөбе қаласында тұрады. Дегенмен, жас маман көрші облыспен шектесетін сонау, шалғайдағы Тассай станциясына екі жарым жылдан бері қатынап жұмыс істеп жүр.
–Жаңа станцияда кезекші болып қызмет етемін. Бір апта жұмыс, бір апта демалыс. Облыс орталығына жұмыс бойынша ұсыныстар болды. Бірақ осы жұмысымды қимаймын, бүгінде мұнда жастар баршылық. Мәселен, біз бір үйде алты адам болып тұрамыз. Барлығымыз да еңбек жолымызды бастаған жас станцияға қатты бауыр бастық, – дейді Руслан күлімдеп.
Осы уақытқа дейін жас маман өзге замандастарымен Астана қаласында, Бурабайда өткізілетін републикалық жастар форумдарына қатысып келді. Кейбір номинацияларда топ жарды. Кәсіподақ жұмысына да белсене араласады. Тіпті, Ресейде өткен теміржол саласының кәсіптік одақтарынының басқосуларына да жолы түскен.
–Қоғамдық жұмыстар көппен таныстырып, жер көресің, ел танисың, адамдармен араласасың. Әріптестеріңнің, ұжымдастарыңның тілегін басшылыққа жеткізіп, туындаған мәселелер болса, шешуге атсалысасың, соның өзі ғанибет емес пе?! – дейді Руслан.
Ал, жастар ісі жөніндегі кеңеске қатысты жас теміржолшы бүгінде өз жоспарын әзірлеп, бөлімше басшылығының мақұлдауына жолдапты. Кеңес семинар-тренингтер, дөңгелек үстелдер, қайырымдылық шаралары, спорттық сайыстар, т.б. өткізуді ойластырып отыр. Жастар ісі жөніндегі кеңеске өзге станциялардан жас қызметкерлер мүшелікке өткен. Бүгінде олармен тығыз байланыс орнатылған.